Алматыда исламдық әлеуметтік қаржыландыру жөнінде халықаралық семинар өтеді

Шараны ұйымдастырушылар - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және Ислам Даму Банкінің мүше елдері ұлттық даму қаржы институттары қауымдастығы (ADFIMI).
Семинарға исламдық қаржыландыру мен шағын қаржыландыру саласының, оның ішінде Ислам Даму Банкінің қызметкерлері, беделді халықаралық және қазақстандық сарапшы мамандар қатысады. Іс-шара қаржылық және шағын қаржылық ұйымдар, банк саласы мен сақтандыру компаниялар өкілдерін оқытуға бағытталған, деп хабарлайды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметінен.
Семинарға қатысушылар исламдық этикалық шағын қаржыландыру тұжырымдамасымен, оны Қазақстандағы нақты жағдайға бейімдеу технологияларымен, микро-такафул исламдық сақтандыру жүйесімен танысады. Сонымен қатар семинарда заманауи бизнес-практика мен шариғат негізіндегі әлеуметтік шағын қаржыландырудың қиындықтары, кедергілері мен мүмкіндіктері, кедейшілікті төмендету мен тұрақты даму мәселелері талқыланады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2012 жылы Ислам Даму Банкі бөлген қаржыға Қазақстанда жекелеп исламдық қаржыландыруды бастады. Ол үшін исламдық қағидаттар негізінде әдістеме әзірленіп, қызметкерлер оқытылды және жаңа несиелеу бағдарламалары бекітілді.
Қазіргі таңда «Мурабаха» бағдарламасының аясында қор 3,2 млрд. теңгеге 1000 жуық жобаны қаржыландырды. Исламдық шағын несиелерді ең белсенді болып Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының тұрғындары пайдаланады. Қаржының негізгі бөлігі ауылшаруашылық техника мен мал, автокөлік, құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталады.