Алматыда ІV қазақстандық инвестициялық саммит өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны «Интернэшнл геральд трибьюн» газеті мен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Қазақстандағы инвестициялаудың перспективалары мен тәуекелдері жан-жақты сөз болатын бұл шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспақ. Сөйлеушілер арасында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Томас Миров, «Шеврон» компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Джордж Киркланд, «Дженерал электрик» компаниясының президенті Лоренцо Симонелли мен тағы басқа да лауазымды тұлғалар бар.
Жалпы І қазақстандық инвестициялық саммит 1997 жылы маусымның 5-і күні өткен болатын. Оған 17 елден 60-тан астам шетелдік компанияның басшылары қатысты. Екінші саммит 1998 жылы маусымның 4-інде өтіп, оған 25 елден 160 компанияның жетекшісі келді. Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына және инвесторлар тарапынан туындап отырған қызығушылықтың артуына орай 2006 жылы өткен үшінші саммит екі күнге (маусымның 8-9) созылған еді. Биыл бұл үрдіс одан ары жалғасып отыр.