Алматыда қала құрылысы Кеңесінде жеті нысанның құрылысы мақұлданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалығымен қала құрылысы Кеңесінің отырысы болып өтті. Онда Алматыны дамытудың бірқатар мәселелері қаралды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Отырыс барысында жеті нысанның құрылысы мақұлданды. Олардың арасында бес тұрғын үй кешені, әкімшілік ғимарат және көп атқарымдық волейбол орталығы бар. Атап өту керек, бұл нысандардың құрылысы «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасының 7 басымды бағыттарының бірі - «Біріктірілген қала» бағыты аясында жүзеге аспақ. Бұл бағыт қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Мысалы, мақұлданған жобалардың бірін алып қарайтын болсақ, ол - Алатау ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы. Онда міндетті түрде қажетті қызмет көрсету нысандары, паркингтер, мектеп және бала бақшалар салынатын болады. Сондай-ақ, қала құрылысы Кеңесі Медеу ауданында «Көркем Парк» деп аталатын тұрғын үй кешені құрылысын мақұлдады. Жоба бойынша жерасты паркингі және екі бала бақша салынады. Олардың бірі мемлекет қарамағына беріледі. Сонымен қатар, отырыста Бостандық ауданында екі тұрғын үй кешенін салу жобасы қаралды. Онда да жерасты паркингін, спорт және балалар алаңын салу көзделген. Сондай-ақ, бұл ауданда жаңа көп атқарымдық волейбол орталығы бой көтермек. Онда жаттығу корпусы, спорт орталығы, қонақ үй және басқа да қажетті нысандар салынады. Отырыс соңында Жетісу ауданында әкімшілік ғимарат салу жобасы мақұлданды. Онда кеңсемен қатар, Қазақстанға автокөлік баяуларын жеткізумен айналысатын фирмаларға арналған көрмелік зал ашылады.

Соңғы жаңалықтар