12:13, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда қалалық судьялар кеңесінің отырысы өтті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен қала судьяларының 2008 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы жөніндегі кеңесі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қаладағы барлық құқық қорғау құрылымдарының басшылары мен Жоғарғы сот өкілдері, қалалық соттардың судьялары қатысқан отырыс барысында өткен жыл қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыс жоспары сараланды. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, өткен жылы сот құрылымы мен сот сот өндірісінде түбегейлі өзгерістер болған.Мәселен, «Соттар жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы», «Жоғарғы сот кеңесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілген. «Бұл сот жүйесін одан әрі жетілдіре түседі. Сот өндірісін ықшамдап, оның ашықтығын, судьялардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін күшейте түседі. Сондай-ақ жаңа заң сот жүйесіндегі облыстық соттардағы бірінші және қадағалау сатысын қысқартумен аудандық соттардың рөлін күшейтуді, аппеляциялық сатының рөлін арттырып, кассациялық институттың енуін қарастырады» деді Қ.Мәми.Қайрат Мәмидің айтуынша, өткен жылы Жоғарғы соттың 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын Мемлекет басшысы мақұлдаған. Осыған сәйкес алдағы уақытта алқа билердің қатысуымен іс қарайтын мамандандырылған ауданаралық соттар құрылу ұсынылуда. Отырыс барысында айтылғандай, өткен жылы Алматы және Астана қалаларының әкімшілік-аумақтық құрылымының өзгеруіне байланысты Алматы қаласында Алатау аудандық соты, Алматы облысы Қарасай ауданында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты, Астанада Есіл ауданаралық соты құрылған.