15:18, 30 Тамыз 2015 | GMT +5
Алматыда қаланың құрметті азаматтарына ҚР Конституциясының мерейтойлық медалі табыс етілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ел тәуелсіздігінің нығаюына, экономиканың дамуына және қоғамдық тұрақтылықтың орнауына ерекше үлес қосқан қаланың құрметті азаматтарына «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді.

Атап айтқанда, Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов осы ауданда тұратын бір топ азаматтарды мерейтойлық медальмен марапаттады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. "Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл" медалімен марапатталғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, қоғамдық қайраткерлер және зиялы қауым өкілдері бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен қала мен еліміздің дамуына ерекше үлес қосқан 600-дей алматылық осы марапатқа ие болған еді. Олардың көпшілігіне бұл мерейтойлық медальды қала әкімі Бауыржан Байбек 28-ші тамызда өткен салтанатты жиында табыс етті.