Алматыда қар көшкіні қаупі сақталады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қар көшкіні қаупіне байланысты тау бөктеріне шығуға тыйым салынды. Алматыда ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке қарағанда, жылымықтың аясында жауын-шашынның түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығы мен қалыңдығына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында 19-24 наурыз аралығында қар көшкіні қаупі сақталады.
«Көшкін жүру қаупіне байланысты қарлы тік жартастарға шығуға болмайды. Тауда абай болыңыздар»,- делінген ведомстваның хабарламасында.
«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, Үлкен Алматы көлінің гидробекетінде қардың биіктігі максималды 96 см құрады.
Еске сала кетейік, Алматыда кеше түнімен қар жауды. Қар жинау жұмысына арнайы техника жұмылдырылды.