17:21, 21 Сәуір 2022 | GMT +5
Алматыда қар көшкінінен зардап шеккен француз еліне эвакуцияланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Францияның Бас консулы Алексис Шахтахтинский 13 сәуірде Алматы маңындағы тауларда қар көшкіні астында қалған Кристоф Петьоға медициналық көмек көрсеткен орталық қалалық клиникалық аурухана ұжымына алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аурухананың бас дәрігері Ұлықбек Медеубеков бастаған барша ұжымға кәсіби міндеттерін адал атқарып, отандасым Кристоф Петьоға қажетті медициналық көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Сізге және аурухананың әрбір медицина қызметкеріне шын жүректен денсаулық тілеймін» , - деп хат жолдапты Бас консул.
Белгілі болғанындай, қар көшкіні кезінде зардап шеккен Кристоф Петьоның өзі де дәрігер. Көптеген жарақаттарына қарамастан, ол отанына эвакуацияланды.
«Менің басымнан өте қиын әрі қайғылы оқиға өтті. Көшкін астында қалдым. Аман қалдым. Мен қазақстандық медицина қызметкерлеріне, соның ішінде орталық қалалық клиникалық аурухана ұжымына өте ризамын. Аурухананың барлық мамандарына кәсібилігі, біліктілігі үшін алғысымды білдіргім келеді» , - дейді Кристоф Петьо.
Еске салайық, 13 сәуір күні Алматы тауларында көшкін жүріп, екі адам қардың астында қалған болатын.
Құтқарушылар қардың астында қалған адамдардың біреуін шығарып алды.
Сол күні кешке қарай қар көшкінінің астында қалған екінші адамның денесі табылды.