Алматыда караоке-бардың бірінде жезөкшелер ордасы әшкереленді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда караоке-барлардың бірінің алты қызметкерінің жезөкшелер ордасын ұйымдастырғаны әшкереленді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұл заңсыз құрылымды осы мекеменің 36 жастағы директоры басқарып келген. Қазір осы қылмыстық іс бойынша караоке- бардың бір аға қызметкері және үш қатардағы қызметкері, бір көлік жүргізушісі күдікті ретінде тергеліп жатыр.
«Күдіктілердің қылмыстық әрекетін әшкерелеу арнайы операциясын қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері «Арлан» арнайы жасағымен бірге түн жарымда караоке-бардың бөлмесінде жүргізді. Соның нәтижесінде 5 әйел және бір ер азамат ұсталды. Олар жезөкшелер ордасын ұйымдастырған және жеңгетайлықпен айналысқан. Яғни, бар клиенттеріне белгілі бір сомаға жезөкшелер ұсынып отырған», - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек
Бұл факт ҚР ҰҚ 309-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу тізіліміне енгізілді.
Қазір, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.