Алматыда қарды уақытында тазаламаған 300 адамға айыппұл салынды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Бостандық ауданында қарды уақытында тазаламаған 300 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қараша айында қалың жауған қардан Алматыдағы жаяужолдар, аула ішіндегі жолдар, тұрғын үй кіреберістеріне апаратын жолдармен жүруде елеулі қиындықтар туындады. Осыған байланысты қала әкімінің өкімімен, жергілікті атқару органдарына аулаларды уақытымен қардан тазартып тұру туралы міндет жүктелді. Бостандық ауданы ІІБ жергілікті полиция бөлімінің табиғатты қорғау полициясы 20-25 қараша күндері «Таза қала» жедел-алдын алу шаралары аясында жүргізілген рейдік тексерулерін қорытындылады.
Құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБК 505-бабы - «Қаланы абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша хаттама толтырылды, ал кейбіріне аталған баптың екіші бөлігі бойынша хаттама жасалды, яғни олар бір жылда екінші рет әкімшілік құқық бұзушылыққа жол беріп отыр.
«Рейдік тексеру кезінде шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым субъектілеріне 28 хаттама, жеке тұлғаларға 245 хаттама толтырылды. Сондай-ақ, азаматтарға ескертулер берілді. Жоғарыда көрсетілген баптың санкциясына сәйкес, жеке тұлғаларға салынған айыппұл көлемі - 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым субъектілеріне - 30 АЕК», - деді Бостандық ауданы ІІБ жергілікті полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Айтжан Әлмұханбетов.
