Алматыда кәріз қақпағын ұрлаған адам видеокамераға түсіп қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 34 жастағы М. есімді ер адам кәріз құдығының қақпағын ұрлап жатқанда бейнекамераға түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда кәріз қақпағын ұрлаған адам видеокамераға түсіп қалды

Полицияға тұрғын үй кешені аумағында кәріз қақпағының ұрланғаны туралы хабарлама түскен соң жедел іс-шаралар басталады.

«Қаскөй тұрғын үй кешенінің аумағына курьер ретінде көлікпен кіргені анықталды. Кенет оның қылмыстық ниеті пайда болды. Куәгерлердің жоқтығын пайдаланып, ер адам кәріз құдығының шойын қақпағын алып, оны көлікке тиеп, қашып кетеді. Бірақ, күдікті оның барлық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын ескермеді», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Жауап алу барысында М. есімді азамат өз әрекетін мойындап, олжаны сатуды жоспарлағанын айтты.

Өйткені, ол бірнеше күн бұрын курьер болып жұмысқа орналасқан және оған ақша шұғыл қажет болған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Кәріз қақпағы бұрынғы орнына қайта қойылды.