Алматыда қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағандардың сыбайластары Қапшағайда ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қапшағай қаласында қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыда қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағандардың сыбайластары ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция депараментінің бастығы Оңал Бекеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағандардың сыбайластары Қапшағайда ұсталды

Оның айтуынша, көлік полицейлері Қапшағайдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде Алматы облысының екі тұрғынын анықтап, қолға түсірген.

Бұл екі тұрғын Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, 18 атыс қаруын ұрлады деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта ұрланған қарулар тәркіленді.

«Бұған дейін көлік полицейлері олардың 32 жастағы серіктесін ұстаған болатын. Аталған азаматтарға қатысты тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», деді О.Бекеев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөліктен граната табылғанын жазған болатынбыз.