17:10, 22 Ақпан 2016 | GMT +5
Алматыда қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі 100 балаға сыйлық тапсырылды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы» мекемесінің тәрбиеленушілеріне арнап, қайырымдылық акциясын өткізді. Бұл туралы бүгін аталмыш басқарманың баспасөз қызметінен хабарлады.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларға мейрімділік танытайық» қайырымдылық шарасы аясында 100 балаға түрлі сыйлықтар таратылып, мекемеге теледидар табыс етілді.
Қайырымдылық шарасына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, еліміздегі барлық мешіттерде осындай ізгі істердің жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.
«Мүмкіндігі шектеулі балалар да қоғамның толыққанды мүшелері. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқор болған ата-аналар мен мекеме басшылығына алғысымды айтамын», - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Қайырымдылық іс-шарасына Алматы қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет және қала имамдары қатысты.