Алматыда қазақ тіліне аударылған «Алиса айнаның арғы жағында» фильмі балалар мен жастарға тегін көрсетілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Болашақ» Қауымдастығының ұйымдастыруымен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен белсенді жастарға қазақ тіліне аударылған «Алиса айнаның арғы жағында» америкалық фильмінің қайырымдылық көрсетілімі болды.
None
None

«Біздің мақсатымыз - қазақ тіліне аударылған осындай әлемге танымал фильмдер арқылы қазақ тілінің қолданылу аясын барынша кеңейту және мәртебесін арттыру. Балалар мен жастар - еліміздің болашағы. Ал олар бірінші кезекте ана тілін құрметтеп өсулері тиіс. Ұлттық рух - ана тілі арқылы бойға сіңеді», - деді «Болашақ» Қауымдастығының жоба менеджері Нұрлан Бейімбет.

Сонымен қатар ол, «Мейірімділік шуағы» жобасы аясында жетім балалар мен белсенді жастарға осымен төртінші фильм көрсетілгендігін жеткізді.

«Кезінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында әлемдік блокбастерлерді қазақ тіліне аудара бастадық. Күні бүгінге дейін әлемге танымал 15 фильм қазақ тіліне аударылды. Олардың арасында Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Жаңа өрмекші адам», «Джунгли кітабы», «Күлбике», «Жаңа өрмекші адам-2», «Жұлдызды сақшылар», «Монстрлар университеті» және басқа да фильмдер бар. Олар бұған дейін жұртшылыққа алдын ала тегін  көрсетіліп келді. Ал биыл, бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсету мақсатында «Мейірімілік шуғағы» жобасы қолға алынған болатын.  Соның аясында енді прокатқа шыққаннан кейін де сол фильмдерді демеушілердің қолдауымен балалар мен белсенді жастарға тегін көрсете бастадық. Бүгін төртінші фильмнің көрсетілімін ұйымдастырдық», - деді. Н. Бейімбет.

Disney ұсынған «Алиса айнаның арғы жағында» шытырман оқиғалы фильмі балаларды Льюис Кэррол қаламының шыққан сүйікті кейіпкерлермен қайта қауыштырды.

Дубляж режиссері Айжан Жамшитова бұған дейін «Джунгли кітабы», «Күлбике», «Малефисента» фильмдерінің, «Көліктер» анимациялық фильмінің дубляжына қатысқан. Картинаны қазақша сөйлетуге Астана қалалық жастар театрының жиырмадан астам артистері тартылыпты. Фильмді қазақ тіліне аударуға және дубляждауға бір ай уақыт кеткен.

Сонымен, бұл - қазақ тіліне аударылған он бесінші голливудтық фильм. Енді биылғы жылдың соңына дейін «Болашақ» Қауымдастығының басқаруымен елімізде тағы екі голливудтық фильм қазақ тіліне аударылады.

Айта кетелік, «Болашақ» Қауымдастығы бұл - еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін стипендиаттардың күш-жігері мен тәжірибелерін біріктіру мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйым.

«Мейірімділік шуағы» - бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсетуге арналған жоба. 

Соңғы жаңалықтар