17:54, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда «KazEnergy» қауымдастығы үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «KazEnergy» қауымдастығының Электр энергетикасы, энергиямен қамтамасыз ету және жаңартылатын энергия көздері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ол «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Есберген Әбітаевтың төрағалығымен өтіп жатыр. Бұл шараға Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінен, «ҚазТранГаз», «ҚазТрансОйл», «ИнтергазОрталық Азия», «Алматылық электр стансылары», «ҚазҒЗИЭнергетика», «Энергия» акционерлік қоғамдары мен «Теңізшевройл» ЖШС-інен өкілдер қатысуда. Кеңесте «Энергиямен қамтамасыз ету туралы» заңға енгізілетін жаңа түзетулер жобасы талқылануда. «KazEnergy» қауымдастығы 2005 жылы қарашаның 2-сінде құрылған болатын. Ол заңды тұлғалардың Қазақстандағы жанар-жағармай және энергетикалық кешеннің тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесу мақсатын көздейтін коммерциялық емес бірлестігі. Қауымдастықта қазіргі таңда 7 үйлестіру кеңесі жұмыс жасайды. Олар - Инвестициялық жобаларға Қазақстанның қатысуы жөніндегі (төрағасы ? Ұзақбай Қарабалин), Мұнай-газ және энергетикалық секторды дамыту жөніндегі (төрағасы ? Жақып Марабаев), Салық салу және заң шығару жөніндегі (төрағасы ? Кенжеғали Сағадиев), Білім беру және маман даярлау жөніндегі (төрағасы ? Пер Реттедал), Өндіруші салалар жұмысының ашықтылығы бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі (төрағасы ? Зәмира Қанапиянова), Ақпараттық-кеңестік жұмыс және имидждік саясат жөніндегі (төрағасы ? Ләззат Көккөзова), Электр энергетикасы, энергиямен қамтамасыз ету және жаңартылатын энергия көздері жөніндегі (төрағасы - Есберген Әбітаев) кеңестер.