Алматыда ҚазҰУ-дің 75 жылдығына арналған ғылыми-әдістемелік конференция өтеді

АЛМАТЫ. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда қаңтардың 28-і күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болон үдерісіндегі жоғары білім берудің сапасын жетілдіру:
None
None
болмысы, мәселелері және келешегі» атты оқытушы-профессорлар құрамының 39-шы ғылыми-әдістемелік конференциясы мен «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің үздік оқытушысы» форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мәслихат пен форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75-жылдығына арналған. Ғылыми-әдістемелік конференция университетте осы уақытқа дейін атқарылған істер, жақын болашақта қолға алынатын шаралар секілді өзекті мәселелерді талқылауға арналады. Сондай-ақ, білімнің бәсекеге қабілетті және тартымды болуы, ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының әдістемелік жұмыстарын қандай бағыттарда жетілдіру керектігі жөнінде де пікір-ұсыныстар ортаға салынбақ. Конференцияның мақсаты - әлемдік білім беру кеңістігінде ҚазҰУ-дің кірігу жолдарының тиімділігін анықтау және Болон үдерісі ұстанымына сәйкес жоғары білім беру сапасын жетілдіру. Ол үш секция бойынша жұмыс істемек. Олар - «Болон үдерісі аясында бакалавриат-магистратура-докторантурадағы оқу үдерісін жетілдіру», «Болон үдерісі ұстанымдарына сәйкес жүзеге асатын білім берудің сапасын бағалау көздері мен инновациялық әдістері», «Білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын аккредитациялау - әлемдік білім беру кеңістігінің интеграциясы факторы ретінде». Кеңес аясында университет тарихында алғашқы рет «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің үздік оқытушысы» форумы өткізіліп, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» республикалық сайысының университет ішіндегі кезеңі бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі жоспарланып отыр. Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәдени-әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Динара Нөкетаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және одан кейінгі білім беру департаментінің директоры Серік Өмірбаевтар қатысады деп жоспарлануда. Шетелдік қонақтардың ішінде Кластер бюросының басшысы және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан бойынша ЮНЕСКО-ның өкілі Tarja Virtanen, профессор Alex Danilovich, Ph.D (Канада), Пусан университетінің профессоры, (Оңтүстік Корея) Янг Мун бар.
Соңғы жаңалықтар