Алматыда көлеңкелі экономиканың мүмкіндіктері мен тәуекелдері туралы конференция өтіп жатыр

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Көлеңкелі экономика және көшедегі базар: мүмкіндіктері мен әлеуметтік-саяси және экономикалық тәуекелдері» деп аталатын конференцияда айтылды.
Оны ұйымдастырған «Exclusive» шолушы-талдау журналы мен Фридрих Эберт қоры. Бұл шараға ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Кеден, Салық комитеттері мен қалалық базарлардың, ірі ретэйл компаниялардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар қатысуда.
«Әлеуметтік дамуда бұл тақырып өте қызық. Жанбағыс қамымен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендер үшін бұл күнкөріс көзі болса, мемлекет үшін бұл тиімсіз болуда. Сондықтан өзара түсінбестік туындауда. Ал радикалды қадамдар тараптардың қызығушылығына қайшы келуде. Бұл конференция ақпараттық пікірталас арқылы тығырықтан шығар жолды табуға арналып отыр», - дейді Фридрих Эберт қорының Орталық Азия мен Қазақстандағы жоба-үйлестірушісі Пэр Тешендорф. Ал «Exclusive» шолушы-талдау журналының шеф-редакторы Қарлығаш Еженованың айтуынша, көлеңкелі экономика туралы базар қауымдастығы өкілдері мен мемлекеттік атқару органдары арасында пікір алшақтығы туындап отыр. Әр тарап өз құқығы бұзылып жатыр деп санайды.