Алматыда «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында 120 жас отбасына пәтер кілті табыс етілді

Осы жерде өткен салтанатты жиын барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов жас отбасыларға пәтер кілті мен құжаттарын табыстады. Ол өз сөзінде Алматыда Елбасының қолдауы арқасында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.
«Биылдың өзінде күні бүгінге дейін 3 мың пәтер салынды. Енді олар пәтер кезегінде тұрғандарға үлестіріледі. Яғни, биыл баспана кезегінде тұрған 25 мың азаматтың 12 пайызы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Бұл тұрғын үйлер «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Жалпы, осы бағдарлама шеңберінде «Саялы» шағын ауданында 15,3 млрд. теңгеге 65 көпқабатты тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін тағы үш көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі», - деді С. Мәкежанов.
Сонымен қатар, ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жас Қанат» шағын ауданында 12 тұрғын үй (760 пәтер) салынғанын атап өтті. Бұдан басқа, биыл жыл соңына дейін «Саялы» және «Жас Қанат» шағын аудандарында 13 көпқабатты тұрғын үй (834 пәтер) салынады.
«Елбасының шешімінің арқасында қолжетімді баспана құрылысына (4 400 пәтер) қосымша 56,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл жерде 10 мың жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, 2017 жылы Универсиада ойындары аяқталған соң, Атлетикалық қалашықта Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы 1700 пәтер тұрғындарға үлестіріледі», - деді сөз соңында Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Айта кетелік, алдағы жылы баспана кезегінде тұрғандардың 24 пайызын, яғни 6 мың отбасын пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған.