Алматыда көне түркі жазбаларын зерттеген алғашқы ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті

МАТЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы Ғұбайдолла Айдаровтың туғанына 90 жыл толуына арналған "Танымал түркітанушы. Ұлағатты ұстаз" атты еске алу кеші өтті.
None
None

Кешке тіл саласын зерттеп жүрген ғалымдар, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистранттары мен аспиранттары, ғылыми қызметкерлері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Еске алу кешінде жарты ғасырдан астам уақытын ғылымға арнаған Ғұбайдолла Айдаровтың өмірі мен қызметі, түркітанушылығы, түркология ғылымына қосқан қомақты үлесі, сондай-ақ, жалпы қазақ ғылымына сіңірген еңбегі сөз болды.

«Ғұбайдолла Айдаров осыдан он ғасыр әріде тасқа басылған тарихымыз - Орхон-Енисей, Күлтегін, Тоныкөк жазуларын ұрпақ жадына мирас етіп табыстауға ерен енбек сіңірген, ол ғылымның бұл тың саласына тұңғыш түрен салған, алғаш зерттеген қазақ, шығыс ғалымы болып табылады. Сондықтан, оның еңбектері ұлтымыздың жарқын болашаққа беттеген ұлы керуенімен жасай бермек»,-деп атап өтті филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану академиясының академигі Бабаш Әбілқасымов.

Филология ғылымының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Телғожа Жанұзақовтың айтуынша, Ғұбайдолла Айдаров - ең алдымен халқымыздың абзал ұлдарының бірі, ардақтысы. «Ол 1941-45 жылы қан майданда елімізді, жерімізді жаудан қорғаған мықты жауынгер. Өзі басынан кешкен оқиғаларды жиі айтушы еді. Оның соғыстан кейінгі, бейбіт уақытта қазақ ғылымына қосқан үлесінің өзі де бір төбе. Сондықтан, мен оны қазіргі өміріміздің жайнап, гүлденуіне, Қазақстан Республикасының жер жүзіне танылуына қосқан тамшыдай үлесі бар адам деп білемін»,-деді ол.

Оның айтуынша Ғұбайдолла Айдаров нағыз түркітанушы. «Оның ерекше қасиеті де осында, түркі жазуын тиянақты зерттеуінде. Ол біз сияқты әр түрлі салада емес, бір, тіл саласымен, түркітанушылықпен ғана тыңғылықты шұғылданды. Бір емес, бірнеше тілді- түрікмен, әзірбайжан, татар тілін білді. Қазақ тілі тарихына байыпты үлес қосты. Ол қазақ ілімінде көне Орхон -Енисей, Күлтеген, Тоныкөк жазбаларын алғаш қолға алып, ғылыми тұрғыда зерттеген алғашқы ғалым ретінде тарихымызда мәңгі қала берері сөзсіз. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», демекші, оның мәні мен маңызы зор, баға жетпес еңбектері қазақ тілі тарихында ғана емес, түркология тарихында мәңгі қалатын болады»,-деді Телғожа Жанұзақов.

Кеш барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымова: «Қазақ тілінің тарихын зерттеген үш ғана ғалым бар, біріншісі - Ғұбайдолла Айдаров, екінші ғалым Бабаш Әбілқасымов, үшінші ғалым Құлмат Өміралиев. Тіл тарихы екінің бірі бара бермейтін күрделі ғылым екендігін ескерсек, олардың қалдырған, зерттеп жатқан еңбектері баға жетпес құндылық»,-деп атап өтті.

Кеш аясында аталмыш кітапханада Ғұбайдолла Айдаровтың еңбектері мен ол туралы материалдар жинақталған "Танымал түркітанушы. Ұлағатты ұстаз " атты тақырыптық кітап көрме ұйымдастырылды.

Ғұбайдолла Айдаров 1921 жылы 18 маусымда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тельман поселкесінде дүниеге келген. 1938 жылы Мар педучилищесін бітіріп, Түркменстанның Красноводск облысындағы Қара-Богаз-Гол селосының жеті жылдық мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1940 жылдың 4 ақпанында армия қатарына алынады. Ұлы Отан соғысына қатысып Ғұбайдолла Айдаров 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.

1948 жылы Шымкент оқытушылар институтын, 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетін бітіреді, ал 1956 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университеті жанындағы аспирантурасын бітіреді. 1956-1959 жылдары орта мектепте мұғалім, 1959 жылдан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Ғылым Академиясының, қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында, кіші, ал 1963 жылдан аға қызметкер болып 40 жыл қызмет етті.

1959 жылы "Тоныкөк ескерткіштерінің тілі және қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы" деген тақырыпта кандидаттық диссертация, ал 1974 жылы "Көне түркі Орхон-Енисей және Талас ескерткіштерінің лексикасы" деген тақырыпта докторлық диссертациясын Баку қаласында әзірбайжан тілінде қорғап шығады.

250-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектерінің, 10 монография мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы. Ғылыми-зерттеу еңбектері көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу мәселелеріне арналған. Оның 1966 жылы "Язык орхонского памятника Бильгекаган ", 1971 жылы Орхон ескерткіштерінің тілі", "1986 жылы "Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі", 1990 жылы "Орхон ескерткіштерінің тексі", 1991 жылы "Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі" тағы басқа еңбектері жарық көрді.

Ғұбайдолла Айдаров ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеп, дәлелдеген. Түркология ғылымына қосқан қомақты үлесі үшін 1993 жылы Ғұбайдолла Айдаровқа «Қазақстан Республикасының ғылымға еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

2001 жылдың 1 наурызында 80-ге қараған жасында Ғұбайдолла Айдаров дүниеден өтті.

Соңғы жаңалықтар