Алматыда көпқабатты пәтерлердің қабырғасында есірткі заттарын жарнамалайтын жазбалар пайда болды
Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Facebook» қолданушылардың бірінің шағымын тексеру барысында Алматы қаласындағы шағынаудандардың біріндегі көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасынан синтетикалық есірткі затын тарататын интернет-ресурсының адресі көрсетілген жарнамалық жазу анықталды. Қазіргі уақытта аталған жазуды жазған тұлғаны, сонымен бірге интернет-ресурстың жұмысын анықтау бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Аталған интернет-ресурсқа кіру бұғатталды. Азаматтардан есірткі заттары мен психотроптың заттарды сату туралы осындай қабырғаға жазылған жарнамаларды көрген жағдайда оларды суретке түсіріп, орналасқан жерін көрсету арқылы полицияға жүгінуді өтінеміз», - деді Алмас Садубаев.
Айта кетейік, Ольга Арапова есімді әлеуметтік желі пайдаланушы өзінің Фейсбуктегі парақшасында соңғы айлардың ішінде Алматыдағы көппәтерлі үйлердің қабырғасында синтетикалық есірткі сатумен айналысатын интернет-ресустардың адресі көрсетілген жарнамалық жазулардың көбейіп кеткендігі жайында дабыл көтерген еді.
Есте болса , бұған дейін Алмас Садубаев Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 84 интернет-ресурс анықталғанын мәлім еткен болатын.