Алматыда көпқабатты тұрғын үйдегі өрт сөндірілді

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін күндіз 12 сағат 20 минуатта Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің «101» кезекші бөліміне бір куәгерден Бостандық ауданы, «Щепкин көшесі, 35» мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп жатқандығы туралы хабар келіп түскен болатын. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 4 минуттан кейін келіп жетіп, өртті сөндіруге және тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығаруға кіріскен болатын.
«Өрт 13 сағат 32 минутта ауыздықталып, 14 сағат 15 минутта сөндірілді. Өрт сөндіру барысында 52 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды. Олардың ішінде 11 бала бар. Өрттің аумағы - 250 шаршы метрді құрады. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр», - деді С. Баймұханбетова.