Алматыда көпқабатты үйден 30 бала эвакуацияланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өртенген көпқабатты үйден 50 адам, оның ішінде 30 бала қауіпсіз аймаққа шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сағат 12:08-де Алматы қаласының ТЖД-іне Бостандық ауданы, Гагарин даңғылындағы «Гагарин Парк» тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті», - деп хабарлады Алматы ТЖД ресми өкілі Салтанат Баймұхамбетова.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына 12:16- да келіп жетті. Газ-түтіннен қорғау қызметі жүргізген тексеру нәтижесінде түтіннің үйдің жертөлесінен шығып жатқаны анықталды.
«Алайда, жертөлеге кіретін темір есік жабық болды, оны аштық. Анықтағанымыздай, жертөледегі үй заттары өртеніп жатыр екен», - дейді ТЖД қызметкерлері.
50 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді, оның 30-ы - балалар. Өрт аумағы 10 шаршы метрді қамтыды. Өрттің шығуына дәнекерлеу жұмыстары себеп болған.