Алматыда көпқабатты үйдің терезесінен секірмек болған әйел құтқарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда көпқабатты үйдің терезесінен секірмек болған әйел құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, өзіне қол салмақ болған әйелді құтқару операциясы Бостандық ауданында орналасқан «Керемет» тұрғын үй кешенінің аумағында жүргізілді.

«Таңғы сағат 6.40-та осы тұрғын үй кешенінің пәтерлерінің бірінен шу шыққаны туралы ақпарат түсті. Біз аталған мекенжайға әріптесіміз Жалғас Бектұровпен «Буран-153» экипажының құрамында келдік. Пәтер сырттан жабық болды. Бірақ іштен дауыс естілді», - дейді Алматы қалалық Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің инспекторы Медет Мұсабаев.

Патрульдік полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындардың көмегіне жүгінді.

«Таңертеңгі сағат 7:00-де біз ұйықтап жатқанбыз. Бір әйелдің айғалаған дауысын естідік, ол терезеден секірмек болды. Полиция біздің терезе арқылы өзіне қол салмақ болған әйелді құтқарып қалды»,- дейді «Керемет» тұрғын үй кешенінің тұрғыны.

Полиция инспекторының айтуынша, оқиға орнына пәтер иесі шақырылды.

«Біз қосымша кілті бар пәтер иесін шақырдық. Бірақ ол кісі келгенге дейін бойжеткен төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп, өзіне қол жұмсамақ болды. Ол сыртағы кондиционердің үстінде тұрды. Суицидтің алдын алу үшін біз бесінші қабаттан арқанмен төмен түсуге мәжбүр болдық. Осылайша суицидке жол берілмеді, - деп қорытындылады Медет Мұсабаев.

Алдын ала мәліметтер бойынша, өзіне қол жұмсамақ болған әйел мас болған.

Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.


Соңғы жаңалықтар