12:23, 01 Шілде 2021 | GMT +5
Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаның 149 мың дозасы бар
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 10 340 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 маусым күні 10 340 алматылық вакцина салдырды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусым аралығында қалада вакцинаның толық дозасын 302 257 адам алды. Вакцина алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқан қарт кісілер - 78 257 «,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 208 пункт жұмыс істеп тұр. 1 256 адамнан тұратын 307 егу бригадасы бар. Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылды.
«Қазіргі медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қала бойынша вакцинаның қалдығы – бірінші компоненттің 44 340 дозасы және екінші компоненттің 105 054 дозасы бар.