Алматыда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының түлектеріне лейтенант шені берілді

Бүгін, жаздың жайма-шуақ күні Шекара қызметі Академиясының үлкен қақпасы айқара ашылды. Ішке лап қойған ата-аналар саптық алаңға жетуге, өздеріне арналған жерден оңтайлы орын алуға ұмтылды. Олардың арасында тіпті емізулі сәби көтерген жас аналар да болды.
Мерекелік шара жас түлектердің офицерлік вальсімен басталды. Олар ақ көйлек киген бойжеткендермен бірге әсем әуеннің ырғағына билеп, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Бұдан кейін, Шекара қызметі Академиясының әскери оркестрі «Рио-Рита» композициясын орындады. Мерекелік бағдарлама аяқталған соң, әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы шығарылып, Академия түлектеріне «лейтенант» әскери шенін беру туралы ҚР ҰҚК Төрағасының, Қырғызстан Республикасы Мемлекеттік шекара қызметі төрағасының және Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының бұйрықтары оқылды. Бұдан кейін, түлектерге «лейтенант» погонын табыстау рәсімі болды.
Өзінің құттықтау сөзінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов жас түлектерді офицерлерлік атаққа лайық болуға шақырды.
«Биыл біздің Академияны 200-ден астам лейтенат бітіріп отыр. Олардың ішінде 9 түлек пен 1 шетелдік курсант оқуды үздік дипломмен аяқтады. Олардан басқа, тағы 30 шетелдік курсант оқуларын ойдағыдай тәмамдады. Бүгінде шекара саласында ұрпақтар сабақтастығы сақталуда. Осы жерде тұрған түлектердің арасында әкесінің, атасының жолын қуғандар жетерлік. Шекарашы сырттан келген қауіп-қатерді бірінші болып қарсы алады. Біздің оқу орнының 45 түлегі Кеңес Одағының батыры атанған. Біз олардың ерлігін ешқашанда ұмытпаймыз. Лейтенант мырзалар! Сіздер отан қорғауға аттанып бара жатырсыздар. Алдарыңызда үлкен жауапкершілік жүгі тұр. Қолға диплом алғанмен оқу аяқталмайды. Оқу, үйрену өмір бойы жалғасады. Кәсіби шеберлік еңбектің арқасында келеді. Офицер -мемлекеттің мақтанышы мен тірегі. Осыған лайық болыңыздар!», - деді Д. Ділманов.
Шара барысында Шекара қызметі Академиясының қамқорлығына алынған Алматыдағы №1-ші балалар үйінің тәрбиеленушілері де түлектерді құттықтап, тақпақтар айтып, ән шырқады.
Дәстүр бойынша Академия түлектері балаларға естелік сыйлықтар - ноутбук пен мультимедиялық проектор сыйлады.
Бұдан кейін, оқу бітруші жас түлектер атынан құттықтау сөз айтылып, отан қорғау ісіне адал болуға ант етілді.
Шара соңында, Академия курсанттары сап түзеп, лек-легімен мінбе алдынан өтті. Дәстүр бойынша оқу бітіруші жас түлектер де мінбе алдынан өтіп, саптық ән орындады. Кейбір ата-аналар олардың үстінен шашу шашты.
Бұдан кейін Академия бастығы, полковник Павел Поливановтың соңғы бұйрығы естілді:
«Оқу бітірушілерге соңғы команда: Түзел! Тік тұр! Еркін тұр! Тарааңдар!». Сол-ақ екен, жас түлектер «уралап» фуражкаларын аспанға атты. Ал оқуын әлі жалғастыратын курсанттар болса тұра ұмтылып, жас лейтенанттардың ияғына жармасты. Погондардың астына ырым ретінде салынған ақшаларды таласып-тармасып алуға тырысып, мәз-мейрам болысты.
Ал ата-аналардың қуанышыннда шек болмады. Балаларын құшақтап, көздеріне жас алды. Суретке түсті, Академия басшылығын ризашылықтарын білдірді.
Айта кетелік, биыл ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясына 85 жыл толады. Тәуелсіздік жылдары Академия 6000-нан астам шекарашы офицерлерді дайындап шығарды. Оқу орнының 45 түлегі Кеңес Одағының батыры атанған болса, бесеуі Ресей Федерациясының батыры атағына ие болған. Академияның 300-ден астам түлегі генерал шенін алған.