Алматыда краннан аққан суды ішуге бола ма ?

Орта есеппен қалалықтар тәулігіне 600 мың текше метр су тұтынады.
Негізінен су Үлкен және Кіші Алматы өзендерінен, Алматы және Талғар жерасты суларынан жеткізіледі.
Берілетін судың 70% 150-500 метр тереңдіктен жерасты қайнар көздерінен алынады.
Холдинг мамандары Үлкен және Кіші Алматы, Кімасар, Қарғалы, Ақсай өзендерінің суы қалай тазаланатынын көрсетті. Су ең алдымен тұндырылады. Одан кейін тазалау құрылғыларына жіберіледі.
Ол жерде тұндырғыштар, сүзгіштер, фильтрлер, таза судың резервуары орналасқан.
«Қыста су еш өңделмейді, тек көктемде ғана тазаланады. Қыста тек ауру тудыратын микробтарды өлтіріп, дезинфекциялау шаралары жүргізіледі. Ас тұзымен өңделеді. Электролиз арқылы натрий гипхлоридін алып, суды бактериялық тұрғыдан тазалаймыз. Бізде жерасты және жерүсті сулары да ауыз су нормаларына толық сай. Алматының суының құрамына келсек, мұнда барлық минералдар сақталады. Алматы крандарындағы суды ішуге болады. Бұл қайнаған су ішкеннен гөрі әлдеқайда пайдалы», - деді «Алматы су» бас тазалау құрылғыларының бас технологы Людмила Еремина.
«Алматы су» бас тазалау құрылғыларының басшысы Ерсен Қасымовтың айтуынша, суды зарарсыздандыру мақсатында тәулігіне 1,5 тонна ас тұзы пайдаланылады.
«Бұл - жаңа методика. Мұның алдында сұйық хлор пайдаланатын едік. Жаңа технология 2010 жылы су арнасының нысандарына енгізіле бастады. Сұйық хлор - улы зат, яғни оны пайдалану жұмысшылардың денсаулығына да қауіп келтіреді. Сонымен қатар, су арналарына жақын орналасқан тұтынушылардың өмірі де қауіпке тігілді. Қазір бұл қауіп толығымен сейілді», - деді Ерсен Касымов.
Зарарсыздандырылған, тазартылған су арналары арқылы тұтынушыларға жеткізіледі. Барлығы сумен қамту схемасына 118 таза су резервуары енгізілген. Онда 300 мың текше метр су жеткізіледі. Сонымен қатар, кәсіпорын өкілдері су желілерінің ахуалын жіті бақылауда ұстап отыр. Арнайы зертханаға сынақтан өткізуге 400 нүктеден сынама алынады. Мамандар су құрамының 20 жыл бойы қатты өзгере қоймағанын айтты.