Алматыда құбылмалы ауа-райы аптаның соңына шейін сақталады

Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағынан Иран аумағынан шыққан циклон өтіп жатыр. Бұл циклон толқын іспеттес жүруде.
«Жылы бағыт өткенде ауа-райы ашылып, күн ысиды. Ал суық бағыт өткенде ауа бұлттанып, жел тұрып, нөсер жауындар жауады. Кеше 13 мм көлемінде жаңбыр жауды. Оның алдында қатты жел тұрып, найзағай ойнады. Қаланың кейбір аумақтарында бұршақ жауды. Бұл да нөсерлі жауындарға тән құбылыс», - деді синоптик.
Сонымен қатар, Г. Медеуова Алматы облысында секундына - 34 метр, Есік қаласында - 30 м, Алматы іргесіндегі Каменское тақтасы аумағында - 30 м жылдамдықпен жел тұрғандығын айтты. Ал Алматыда болған желдің жылдамдығы секундына 8 метрді құраған. Ол бұл құбылысты түстен кейін ауаның қатты ысып, жоғары қарай турбулентті түрде көтерілгендігімен байланыстырады.
«Жылынған ауа мұздай ауамен түйісіп, өзара араласады. Содан түйдек-түйдек шоғыр бұлттар қалыптасады. Ал бұл, қатты желдің тұруына әкеп соғады. Ол ұзаққа созылатын дауыл емес, аздаған уақыт қана болатын қатты жел. Сондай-ақ, қаланың бір жерінде ауа-райы ашық болса, екінші жерінде бұлтты болады. Міне, осылайша, ауа массасының түйісуі салдарынан осындай құбылыстар орын алады», - деді Г. Медеуова.
Оның айтуынша, Алматыда ауа-райының тұрақсыздығы, яғни құбылмалылығы 23 шілдеге дейін жалғасады. Бұл күндері Алматы қаласы мен облысында жаңбыр жауып, жел тұрады. Бұршақ жаууы да ықтимал.