Алматыда қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіруге арналған көрме ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы 5-ші сәуірдегі жарлығы бойынша елімізде жыл сайын 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Аталмыш көрме осы күнге орай ұйымдастырылып отыр.
«Кеңестік заманда зұлмат құрбандары туралы жариялауға қатаң тыйым салынған еді. Кейін 1980 жылдардан бастап еске алып, сөз қозғауға мүмкіндік туды. Бұл тарихи тақырып әлі күнге дейін толыққанды зерттеулерді талап етеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме бір мезгілдік шара емес. Біздер, зерттеуші-ғалымдар, әрдайым насихаттап, осындай игі істерді жалғастыра бермекпіз»,- деді өз сөзінде тарихшы-ғалым Қайдар Сембайұлы Алдажұманов.
1937-38 жылдар тарихта сталинизм зобалаңының кезеңі боп саналады. Соның салдарынан республикамызда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, азаптау лагерлерінде ұсталды. Қазақ халқы мен қазақ жерін мекендеген өзге ұлттардан 25 мыңнан астам адам жалған жаламен атылды. Әйелдері лагерлерге жіберіліп, ұрпақтары «халық жауларының балалары» атанды.
«Менің әкем 37-нің мамыр айында ұсталды. Ол кезде мен небәрі 2 жаста едім. Сол жылдың қарашасында атылды. Онан соң анамды «АЛЖИР-ге» жіберді. Сол уақыттардың елесі әлі де көз алдымда. Сонша ауыртпалықты көріп өстік. Бүгін еске алып, шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға алғысым шексіз» - деді жиынға қатысушы «Бесеудің хаты» авторларының бірі Ғатауллин Мансұрдың қызы Ая Мансұрқызы Ғатауллина.
Тұсаукесерде тарихшылар өздерінің зерттеулері мен тың деректерін ортаға салды. Сондай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қасіретті жылдардан қалған естеліктерін айтты. Көрмеге Мәскеу, Қарағанды, Қауіпсіздік комитеті мұрағаттарынан алынған құжаттар мен суреттер және мұражай қорындағы бірегей жәдігерлер қойылған.