Алматыда құны 500 мыңнан 1 млн. АҚШ доллары аралығындағы «Bentley Mulsanne» көліктерін сатып алғандардың есімдері белгісіз болып отыр

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат -  Негiзi, шет елдiң су жаңа жеңiл көлiгiн сатып алу оңай емес бiздiң қоғамда. Жалақыңыз 100 мың теңге дегеннiң өзiнде жеңiл көлiк жүгендеуге қаражатыңызды жинастыруға әлденеше жыл кетедi.

Оның үстiне бәрiнiң айлық табысы 100 мың теңгеге жете бермейдi. Қымбат көлiк алмақ түгiлi, қарапайым пәтердiң ай сайынғы коммуналдық қызмет төлемiн әзер өтеп жүретiндер бар. Алайда, Алматының көшелерiнде сағаттап тұратын кептелiстердi жасайтындардың баршасы сырттан келетiндер емес, басым бөлiгi осы қаланың тұрғындары. Тiптi, әлемдегi ең қымбат темiр тұлпарлар да Алматыда қаптап жүр, деп жазады «Алматы ақшамы» басылымы.

 Ендеше, нарықты күн сайын қымбатшылық жайлап бара жатқан мына заманда шаһардың шаңын шығарып заулап жүретiн автокөлiктердi жұрт қалай, қай ақшасына сатып алады?

Көлiк сатып алуға қалтамыз көтере ме?

Жалпы, Қазақстанға, оның iшiнде Алматыға да көлiктер негiзiнен, Германия, Франция, АҚШ және Жапониядан тасымалданатыны белгiлi. Олардың басым көпшiлiгi пайдаланылған, яғни, су жаңа болмайтыны да түсiнiктi жағдай. Сөйте тұра, сатылым бағасына қарап, қалтамызға қолайлысын таппай, ерiксiз бас шайқайтынымыз рас. Дегенмен, 50-60 мың теңге жалақыға күнелтетiн бiздiң жұрт астына темiр тұлпарды да тiзгiндеуге жол табады.

Ал, бұл ретте Еуропа халқының көлiк мiнуге деген мүмкiндiгi қаншалықты?

Былтыр Eurostat еуропалық статистика институты Еуропа елдерiндегi орташа жалақы мөлшерiн жариялады. Ондағы деректерге сүйенсек, ең көп табыс табатындар - ағылшындар екен. Айына - 3118 еуро. Одан сәл төмен Нидерланды - 3007 еуро. Сол секiлдi өзге де Германия, Дания, Бельгия, Австрия, Ирландия, Швеция, Франция мемлекеттерiндегi орташа айлық табыс - 3 мың мен 2500 еуро аралығында. Мұндай табыспен 2-3 айда су жаңа көлiкке қарық боларыңыз анық. Бұл - тек орташа жалақының көлемi.

Ал, тәуiр қызметтегiлердiң 1 айлығы 1 автокөлiкке татитынындығына шүбә жоқ. Ал, бiздiң елде қалай? Ресми дерек көздерi бойынша, Қазақстандағы орташа айлық жалақы ағымдағы жылдың наурыз айында 100 584 теңгенi құрады. Өткен аймен салыстырғанда 8,3 пайызға өскен екен деп бiр қуандық. ҚР Статистика агенттiгi таратқан бұл мәлiметте ең жоғары көрсеткiш Маңғыстау облысында тiркелiптi. Ондағы айлық көлемi - 196 мың теңгеге жеткен. Елордамыз бен елiмiздiң iрi мегаполисi - Алматы қаласының да жағдайы жаман емес. Қосымша құн салығын қоса есептегенде Астанада - 150 104 теңге болса, Алматыда - 132 761 теңге.

Алматы қаласы туралы сөз қозғағанда мұндағы шағын және орта бизнестiң елiмiздiң өзге өңiрлерiне қарағанда анағұрлым жақсы дамығанын айта кетуiмiз керек. Бұл, бiр жағынан қала халқының бәсекеге қабiлеттi қоғам қалыптастыра бiлгендiгiн көрсетсе, екiншi қырынан, заманауи нарық көшiне iлесе алғандығын байқатады. Ендеше, құны 10 - 15 мың доллар шамасындағы жапондар мен немiстердiң қарапайым «Тойота», «Мерседестерi» аздап ауыртпалық түсiрсе де алматылықтар үшiн қолжетiмдi боларын мойындалық делiк. Бiрақ, бүгiнде қала көшелерiнде ызғып жүрген қымбат көлiктер қайдан, қалай келген деген ой туады.

Мәселен, «Тойота - 20» маркалы көлiктердiң қолданылғандарының өзi көлiк базарында 15 мың АҚШ долларына шамалас. Пайдаланылғандарының өзi осынша құнды. Ал, «Тойотаның» «30», «40» маркаларымен бiрге, әлеуеттi адамдарға арналған түрлерiнiң неше түрлi су жаңалары Алматыда көптеп кездеседi. Бiз тек «Тойота» көлiктерi жайында ғана айтып отырмыз. Ал, сырт келбетi көз тартатын нешеме сұлу мүсiн сұркөжек темiр тұлпарлар Алматының Фурманов көшесi мен әл-Фараби, Абай даңғылдарында атой салып жүр.

Тiптi, Алматыда қымбат көлiктердiң көптiгi былай тұрсын, жалпы жеңiл көлiк атаулының соңғы жылдар бедерiнде әлдеқайда артып кеткенiн байқауға болады. Мысал үшiн айта кетейiк, осыдан 5 жыл бұрын шаһарда ресми түрде тiркелген 341 мың көлiк бар деп жүрсек, бүгiнде олардың саны 500 мыңнан асып-жығылады, дәлiрек айтқанда - 525,7 мың. Бұл - ҚР Статиститка агенттiгiнiң таратқан ресми мәлiметтерi. Осы сандық деректердi iздеу барысында кезiккен сәйкессiздiктер жөнiнде де айта кеткiм келiп отыр. 2003 жылдан берi қарайғы әр жылдағы көрсеткiштердi қарап отырып, 2010 жылғы көлiк санағы бойынша агенттiк деректерi мен ҚР IIМ Жол полициясының есебiнде аздаған айырмашылықтар бар екенiне көз жеткiздiк. Мәселен, Жол полициясы сол жылы Алматыда жалпы саны 446,9 мың көлiк тiркелген және оның 406,8 мыңы жеке тұлғалардың меншiгiнде десе, агенттiк мәлiметтерi қаладағы көлiктердiң жалпы саны 447,6 мың, оның iшiнде 419,6 мыңы жеке тұлғаларға тиесiлi деп көрсетедi.

Статистикалық деректер не дейдi?

Жарайды делiк, сандарда тұрған ештеңе жоқ. Әйтсе де, мына бiр мәлiметтер назар аударуға тұрарлық. Сенiмдi дереккөздер бойынша, елiмiзде қазiргi уақытта 4 миллионға жуық автокөлiк бар. Олардың 80 пайызы зауыттан шыққанына 10 жылдан асқандар. Бұл ретте көлiктердiң ең көп тiркелген жерi - Алматы қаласы екенi бәрiмiзге белгiлi жәйт. 2011 жылғы маусым айында республикамызда сырттан әкелiнгендерi мен ел аумағында орын ауыстырғандарын қоса алғанда 56 106 жеңiл көлiк тiркелген болса, мұнда да Алматы қаласының шоқтығы биiк (8 310 автокөлiк). Ал, биылғы қаңтар айындағы тiркеуден өткен жеңiл автокөлiктер саны 42 043-тi құрады. Бұл жолы Оңтүстiк Қазақстан облысы көш басында тұр (6090). Екiншi орында - Алматы облысы (5380). Алматы қаласы - үшiншi орында. Қалада қаңтар айында 5015 көлiктiң құжаты рәсiмделiптi.

Ақырында алматылықтар үшiн құны қай шамадағы көлiктердiң қымбат екенiн бiлуден қалып барамыз. Жоғарыда бiз тек қаланың қарапайым тұрғындарының күнделiктi тiршiлiгi үшiн пайдаланып жүрген автокөлiктерiн ғана айтып өттiк. Ал, мегаполистiң көрсе көз тойдыратын нағыз құны жоғары көлiктерi қанша тұратынын бiлесiз бе? Сонша жоғары бағасына қарамастан қала iшiнде қаптап жүретiнiн қалай түсiнерсiз? Бұл ретте қаражатыңыздың қауқары жетпейтiн небiр өңкиген джиптердi былай ысырып қоя тұрыңыз. Дейтұрғанмен, мән бермей отырған сол джиптердiң, айталық, әуелден бергi мысалдарымыздағы «Тойотаның» «Land Cruiser», «Prado» секiлдi түрлерi кем дегенде 50 - 60 мың доллар тұрады. Әйткенмен, бұлар алматылықтардың таңырқай қарайтын кереметтерiнiң қатарында емес. Ендi келiп Алматының халқы үшiн қымбат көлiктердiң бағасы қай шамаларды қамтитынын бажайлай берiңiз.

Осыдан екi жыл бұрын, мамыр айында қаламыздың Сүйiнбай даңғылының бойында ағылшындық автокөлiк шығарушы компанияның өкiлдiгi ашылғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Ерекше тоқталып отырғанымның мәнiсi, әлемдегi ең бағалы өнiмдердiң бiрегейi саналатын «Bentley» көлiктерi осы орталықтан ел тұрғындары үшiн сатыла бастады. Тiптi, ашылған сәтте-ақ «Bentley-дiң» 12 данасы өз иесiн тауып үлгердi. Ал, олардың бiреуiнiң өзi - 250 мың доллардың айналасында бағаланады. Ең қызығы сол, 12 дананың iшiнде әлгi көлiктiң жаһанға мәшһүр «Bentley Mulsanne» деген түрi саудаланған екен. Бiрақ та, мұндай қалталыларға арналған құнды дүниенiң қаншаға түскендiгiн анықтай алмадық. Десек те, сол айтқан «Bentley Mulsanne-ның» әлемдiк нарықтағы бағасы 500 мыңнан 1 миллион АҚШ долларына дейiн жететiндiгiн бiлемiз.

Үлкен көлемдегi қаржыға келетiн бұл көлiктердiң бабы да, сәнi де келiскен. Мысал үшiн айта кетейiн, бiр ғана «Bentley» көлiгiнiң iшiн былғарымен қаптап шығуға алпамсадай семiз 16 бұқаның терiсi қажет. Керек десеңiз, құрастырушылар сыртын түгел броньдап та бередi. Қазақшалап айтқанда, көлiктiң сыртқы қабатын толығымен оқ өтпейтiндей етiп қымтау. Броньдаудың өзi - 45 - 50 мың доллар төңiрегiнде.

«Bentley» компаниясы өкiлдiгiнiң ашылу салтанатында орталық басшылары жыл сайын көлiктiң 20-30 данасын сатуды жоспарлап отырғандарын мәлiмдеген болатын. Сонымен бiрге, олар Қазақстандағы экономиканың тұрақтылығы мен «Bentley-ге» деген сұраныстың артып отырғаны орталықты ашуға басты себептер болғанын да айтқан едi. Ескерерлiк жағдай, аталған орталықта «Bentley-ден» бөлек, Chrysler 300 Luxury Series, Jeep Grand Cherokee Overland және Dodge автокөлiктерi де сатылады. Құны 35 - 50 мың доллар аралығындағы бұл көлiктердi мiну «Bentley-дiң» өзiн тақымдап жатқан алматылықтар үшiн не тәйiрi? Небәрi сол жерге барып тапсырыс беруiңiз жетiп жатыр.

Иә, бүкiл ғұмырымызда табан ет, маңдай терiмiзбен жиғанымызды салғанда жетпейтiн осынша қымбат көлiктердi сатып алатындар пайданы қалайша күреп табатындығына таңғаламыз. Өкiнiштiсi, миллиондаған қаржыны ел үшiн маңызды жобаларға емес, көңiлiн қанағаттандыру үшiн көлiк алуға жұмсайтындар кiм болды екен?

Соңғы жаңалықтар
telegram