Алматыда Құтқарушылар күні атап өтілді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінінің аумақтық бөлімшесі Алматы қалалық ТЖД қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі - Құтқарушылар күнін атап өтті. Оның үстіне, биыл ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің құрылғанына 20 жыл толып отыр.
None
None

«Алатау» мәдениет сарайында өткен мерекелік шараға Алматы қалалық ТЖД барлық құрылымдық бөлімшелері, Алматы қаласының құтқару қызметі, «Апаттар медицинасы орталығы» мен «Қазселденқұтқару» мемлекеттік мекемелерінің басшылары және осы салада көп жыл еңбек еткен ардагерлер қатысты. Сахнаға алдымен Алматы ТЖД қалалық гарнизонының жауынгерлік туы енгізілді. Өз сөзінде Алматы қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Нұрлан Мадьяров ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау сөзін оқыды. «Міне, 20 жылдан бері еліміздің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері халықтың қауіпсіздігін сақтауға күш салып келеді. Олар кез-келген сәтте көмек келуге дайын. Осы жылдар ішінде Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша тиімді жүйе құрылды. Тәжірибе жинақталды және техникалық жағынан ойдағыдай жабдықталды. Бүгінде азаматтық қорғаныс саласында еліміз бойынша 30 мыңнан астам адам еңбек етуде. Құтқарушы - бұл өмір сүру салты. Бұл қашанда ерлік жасауға, өзін құрбан етуге дайын болу. Құтқарушы мамандығын тек батыл адамдар ғана таңдайды», - делінген құттықтауда. Бұдан кейін полковник Нұрлан Әбілбайұлы үздік құтқарушыларды және ардагерлерді «Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» медалімен марапаттады. Бұдан әрі бүгінгі жиын мерекелік концертке ұласты. «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Алматы қалалық ТЖД Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет капитаны Бағдат Шайзада Алматыда қазіргі таңда 2 мыңға жуық құтқарушыр жұмыс істейтіндігін айтты. «Алматы қаласында күн сайын 300-ден астам құтқарушы тәуліктік жұмысқа түседі. Күн сайын өртке, жол-көлік оқиғасына, табиғи, техногендік және басқа да төтенше жағдайларға байланысты 100-ге тарта шақыртулар болып тұрады. Солардың ішінде ең көбі - өртке қатысты күніне 30-ға жуық шақырту түседі. Қала халқының саны, қаланың аумағы жылдан-жылға өсіп жатыр. Зәулім тұрғын үйлер салынуда. Ал адамдар өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Сәйкесінше, өртке қатысты шақыртулар жиі болады. Сондықтан да өрт сөндірушілердің саны басқа құрылымдарға қарағанда көп. Бұл салада қазір 1245 адам еңбек етеді. Жалпы, құтқарушының жұмысы қиын да қауіпті, абыройлы да мақтан тұтарлық жұмыс. Менің осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 10 жыл болды», - деді ол. Айта кетелік, бүгінгі мерекелік шара аясында «Алатау» мәдениет сарайының алдына түрлі құтқару операцияларын жүргізуге пайдаланылатын техникалар қойылды. Олардың ішінде сатысының биіктігі 90 метр болатын көпфункционалды өрт сөндіру машинасы және жолсызбен жүре алатын автокөліктер бар.

Соңғы жаңалықтар