Алматыда күзгі мезгілде 300 мыңға жуық көшет егіледі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, әкімдікте маусымдық көгалдандыру жұмысына дайындық мәселесі жөніндегі кеңес өтті. Кеңес барысында Алматы әкімі Ерболат Досаевқа қалада биыл 320 мың ағашты егу жоспарланғанын, оның 22 мыңы биыл көктемде егілгені, қалғаны 20 қыркүйектен бастап егілетіні баяндалды.
«Қазіргі таңда көгалдандырушылар технология бойынша көшет отырғызғанға дейін 5-10 күн желдетілуі тиіс шұңқырларды қазып, топырақты дайындауға кірісті. Күзгі ағаш егу науқаны қаланың барлық ауданын қамтиды. Атап айтқанда, Медеу ауданында 22 мың, Жетісу ауданында 16 мың, Түрксіб ауданында 28 мың, Наурызбай ауданында 10 мың, Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында 5 мың, Алатау ауданында 207 мың ағаш егіледі. Алатау ауданындағы ауқымды көгалдандыруға Индустриялық аймақ пен ЖЭО-2 маңындағы санитарлық-қорғаныс аймақтың аумағы, Қарасу сквері, Мөңке би көшесінің оңтүстігіндегі аумақ, сонымен бірге, магистральдық көшелер мен жаңа шағын аудандардың аула аумақтары бойындағы учаскелер кіреді», - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Бас ботаникалық бақ пен ғылыми аграрлық университет мамандарының ұсынысымен көшелердің бойына жалпақ жапырақты шегіршін, емен, үйеңкі, шаған, терек, ал саябақтар мен гүлзарларға - сәнағаш, қайың, акация, шырша және жеміс (алма, шие, алмұрт, өрік) ағаштары егіледі. Ағаштың бұл түрлері тығыз және және саялы ағашқа айналып, ластанған ауа ағынын жақсы ұстайды. Негізінен аталық терек сатып алынады, бұл терек мамығының азаюына және тұрғындар арасында маусымдық аллергия деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кеңес барысында қала басшысы өсімдіктерді механикалық (су таситын көліктермен суару) кезең-кезеңімен автоматты түрде суаруға көшуді қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды, бұл бюджет қаражатын екі еседен астам үнемдейді.
Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаевтың айтуынша, автоматты суару жүйесін орнату мердігер ұйымдармен қаланы көгалдандыру бойынша шарт жасасу кезіндегі міндетті пункт болып табылады. Сонымен қатар, 2023 жылы қабылданған жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережесінде 3 жылға дейін отырғызылған ағаштарға күтім жасауды қамтамасыз ету жеткізушілерге жүктелген.
Сондай-ақ әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қалада жасыл желектерді тиімді суару мен көшеттердің өмір сүруін арттыру үшін биыл су жинағыштардың құрылысы мен реконструкциялау басталды.
«Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға аяқталды (29 ұңғыма салынды, тамшылатып суару жүйесімен 500 мыңнан астам ағаш қамтылды, суару машиналарының цистерналарын толтыру үшін 9 қаз мойын құбыр орнатылды,»Халық Арена«,»Қалқаман«скверінде, Желтоқсан саябағында, ШААЖ, Тимирязев және Усиков көшелерінде су беру қамтамасыз етілді). Биыл жыл соңына дейін Медеу ауданындағы Омарова көше бойында ұңғыманы бұрғылау жұмыстары және қосымша 4 қаз мойын құбыр орнату аяқталады.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында апатты және әлсіз ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл әр кесілген ағаштың орнына он көшеттен (170 мың көшет) отырғызу үшін 17 мыңға жуық ағашты кесу көзделген», - делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Аула аумақтарын көгалдандыруға қала тұрғындары да қатыса алады. «Жасыл аула» акциясы аясында тұрғындарға жайпақ жапырақты көшеттер тегін беріледі.
«Қазіргі маусымда ол үшін 3 мың көшет дайындалды. Өтінім 20 қыркүйектен бастап қабылданады. Қатысу үшін бастамашыл тұлғаның аты-жөні, байланыс деректері, ағаш отырғызатын жердің нақты мекенжайы, отырғызылатын орынның фотосуреттері, көшеттердің саны мен олардың тұқымын көрсетіп, Jasyl.aula.almaty@gmail.com электрондық мекенжайға жіберу қажет», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.