Алматыда күзгі жарысқа 300 адам қатысты

«Негізі, жарысқа қатысуға биыл көп адам ниет білдірді. Барлығы 600-ден астам адам тіркелген болатын. Бірақ, Ботаникалық саябақтың жарыс жолына 300 адамнан артық қатысушы симайтын болғандықтан ең алдымен тіркелгендер ғана жарыс жолына шықты. Биыл жарыс ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Қатысушылар екі қашықтық бойынша бақтарын сынады. 10 жас пен 14 жас аралығындағы жасөспірімдер - 2 шақырымға, ал 15 жастан 34 жасқа дейінгілер, 35 жас пен 49 жас аралығындағылар және 50 жастан асқандар - 15 шақырымға жүгірді. Былтыр ересектер 10 шақырымға жүгірген еді. Оның үстіне қызықты болуы үшін жарыс жолының бағыты да аздап өзгертілді. Жалпы, таңертең Ботаникалық саябақта жүгіру - денсаулыққа өте пайдалы», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне бүгінгі шараны ұйымдастырушы ұйым - Алматы Марафонының директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарыс басталмас бұрын қатысушылар арасында викторина өткізілді. Жеңімпаздарға демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ал жарыс қорытындысы бойынша, әр жас категориясына қарай 1, 2, 3-ші орын алғандар бағалы сыйлықтар, естелік грамоталар мен арнайы медальдармен марапатталды.
Жарыстан кейін I love running жүгіру мектебінің өкілдері жарысқа қатысушыларды далалық асханада жасалған дәмді қарамық ботқасымен тамақтандырды.