12:20, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда қымыздың 5 түрін өндіретін жаңа цех ашылды
АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қымыздың 5 түрін өндіретін жаңа цех ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Көшпенділер өркениеті» жобасының Бас директоры Ахметбек Күсетейұлының айтуынша, қазір олар «Саржайлау қымыз орталығы» аясында Алматы қаласында шағын цех ашып, тәулігіне 200-300 литр қымыз өндіруді бастаған. Әзірге бұл жерде қымыздың «Алтай» және «Қазығұрт» деп аталатын екі түрі ғана шығарылып жатыр.«Қазығұрт» - Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданын мекендейтін Дулат, Қоңырат руларының қымыз ашыту әдісі бойынша жасалған. Онда қымыз аршадан жасалған күбіге ашытылып, киік отымен ысталады. Қозының құйрық майымен майланған күбіде қымызға құйрық май салынып пісіледі. Ал «Алтай» қымызы ? Алтай тауларын мекендеген Керей, Наймандардың қымыз ашыту әдісі бойынша жасалған. Онда қайыңнан жасалған күбі алма ағашымен ысталып, ол жылқының қазысымен майланады және қымызға сүрленген қазы салып пісіледі. «Жазға салым өндіріс көлемін 2-3 тоннаға дейін ұлғайтып, өнім түрін беске жеткіземіз. Сол кезде Көкшетау өңіріндегі Арғындардың «Сарыарқа», нарынқолдық Үйсін, Албандардың «Үш Қоңыр» және Адайлардың «Ақжайық» деп аталатын қымыз түрлері шығарылады. Сондай-ақ «Саржайлау қымыз орталығы» Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында қымыз өндіретін шағын зауыттар ашады», дейді Ахметбек Күсетейұлы.