Алматыда Қытайдың Жаңа жылына арналған көрме ашылды
16 ақпаннан бастап Алматы қаласының орталық мұражайында Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы Конфуций институтының ұйымдастыруымен «Қытайдың Жаңа жылы» атты гравюралық көрме ашылады.
Жаңа жыл - көптеген елдердің асыға күтетін сүйікті мерекелерінің бірі. Әсіресе, оны қытай халқы қызықты және әсерлі етіп әдемі өткізеді. 1911 жылдан бері қытайлықтар бабадан қалған григориандық және Көктем (Чуньцзе) мерекесінің қарсаңында тойланатын ай күнтізбесіне көшкен. Сол дәстүр бойынша олар мыңдаған жылдар бойы тойланып келе жатқан Жаңа жыл мерекесін қарсы алады. Қытай Жаңа жылы қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында, яғни айдың алғашқы күнінен бастау алады. Оны қытайлықтар ұзақ болған қысқы суықтан кейінгі қайта туу ұғымына балап жатады.
Жаңа 2011 жыл қытай елінде 3 ақпаннан - Қоян жылымен басталды. Міне, осы аталған мерекеге байланысты жаңа жылдық қытай ксилографиясы техникасымен орындалатын гравюралар көрмесі ұйымдастырылып отыр.
Ксилография - қытай елінде пайда болған алғашқы ойылып салынатын көркем гравюра. Осы техниканы пайдалана отырып, қытай суретшілері көптеген жетістіктерге жеткен. Ертеректе табылған ксилографиялық үлгілер 868 жылмен белгіленіп, бұл суреттер «Алмаздық сутра» сияқты Британ кітапханасында сақталған. Көрмеге 100-ден астам таңдамалы гравюралар қойылады. Сондай-ақ, оны орындау барысында пайдаланылған құралдар да көрме төрінен орын алады. Көрме 2 наурызға дейін жалғасады.