Алматыда қыз баланың қолынан түсіп кеткен 9 айлық бала суға ағып кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 40 полицей мен ТЖ бөлімшелерінің қызметкерлері өзенге құлап кеткен баланы іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Алматыда қыз баланың қолынан түсіп кеткен 9 айлық бала суға ағып кетті

Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының мәліметтерінше, қайғылы оқиға кеше кешкі алтының шамасында «Алма Арасан» шатқалында орын алды. 9 айлық баланы 15 жасар әпкесі ұстап тұрған. Жасөспірім інісімен фотосуретке түсу үшін өзенге жақынырақ төмен түсті. Алайда қыз бала абайсызда суға құлап, қолындағы баладан айырылып қалған.

«102» нөміріне хабарлама келген соң бірден жедел-іздеу тобы құрылды. Оның құрамына полицияның 20 учаскелік инспекторы, ювеналдық полицияның 28 қызметкері, сондай-ақ ТЖД-нің өкілдері кірді. Сондай-ақ полициялық техниканың 12 бірлігі тартылды. Өкінішке қарай, іздеу жұмыстары әзірге нәтиже берген жоқ.

«Сонымен бірге ҚР ҚК-нің 141-бабы бойынша іс тіркеліп, сот алдындағы тергеу амалдарының аясында оқиғаның куәгерлері анықталып, сұралуда. Қазіргі кезде ұл баланы іздеуге 20 полицей, ТЖ бөлімшелерінің 20 қызметкері және полиция техникасының 4 техника бірлігі тартылды», - деп хабарлады Бостандық аудандық ІІБ-ның бастығы, полиция подполковнигі Берік Әбілбеков.