Алматыда қызметкерлердің 60-80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірлесіп қаланың 70 тен астам ауруханалары мен емханаларының бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнебайланыс режимінде ауқымды жиналыс өткізілді.
Коронавирустың таралу қарқыны бойынша Алматы сары аймақта орналасқан. Күздің басында және ортасында төмендегеннен кейін аурудың өсуі байқалады. Осылайша, жұқтырғандардың саны 0,2% - ға дейін өсті, таралу коэффициенті 1-ден жоғары. Жұқтыру ошақтарының ең көбі Бостандық, Алмалы, Әуезов және Медеу аудандарында орналасқан.
Вирус көбіне қоғамдық орындарға бару, үй, қалалық көлік, жұмыс орны бойынша байланыс арқылы тарап жатыр.
ПТР тестілеу құнының төмендеуіне байланысты қалалықтар диагностикаға көп бара бастады.
Бұл статистикалық деректе де көрініс тапты. Пандемия басталғаннан бері Алматыда 668 мың зерттеу жасалған.
Халық арасында жұқтыруды азайту мақсатында қала әкімшілігі шектеу режимінің сақталуын бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдады. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап 32 мониторингтік топ 518 іс-шара өткізді. Оның шеңберінде 4264 объект қамтылды. 956 объектіде (23%) талаптарды бұзу фактілері анықталды. Шектеу іс - шараларын сақтамағаны үшін 789 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Оның ішінде 592 тұлға бетперде режимін бұзған. 13 материал сотқа берілді.
Сонымен бірге, Алматыда пандемияның жаңа толқынына 7011 төсек-орын дайындалды. Оның ішінде 250 реанимациялық орын, 23 ковидті клиника әзірленген.
3 жаңа инфекциялық стационар салынып, екі клиника реконструкцияланды. Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізіледі.
Медициналық қоғамдастық өкілдерімен кеңес барысында КВИ ауыратын пациенттерге көмек көрсетуге қатысқан медициналық ұйымдарды, қалалық онкологиялық орталықты қаржыландыру, сондай-ақ жедел жәрдем машиналарын жеткізу саласындағы мәселелер қаралды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қалада сырқаттанудың өсуіне, сондай-ақ COVID-19 ПТР диагностикасының мәселесі бойынша зертханалардың жұмысын үйлестірудің маңызына назар аударды.
«Бүгін қойылған міндеттерді бүгін қаланың бас санитар дәрігерімен бірге талдап, қажетті шаралар қабылдауды сұраймын», - деді Е. Тоғжанов
Жиын қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов нақты тапсырмалар берді:
Атап айтқанда, қызметкерлер саны 15 және одан да көп адамды құрайтын ұйым қызметкерлерінің 60-80% қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қосымша кезекші топтар, қала мектептерінде кезекші сыныптар ашуды тоқтата тұру,
жексенбі күндері санитарлық күнге жабыла отырып, СОО, сауда объектілерінің жұмысын сенбі күні сағат 17.00-ге дейін шектеу,
қоғамдық тамақтану объектілерінің, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандардың қызметіне сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, орын саны 50-ден аспаған жағдайда қызметіне рұқсат ету,
өнеркәсіптік, құрылыс, көлік кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмысқа жеткізу және тасымалдау үшін ұйымдарға қызметтік көлікті ұсыну,
бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып ХҚО жұмысын ұйымдастыру,
тестілік режимде жұмыс істеу кезінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып, туризм объектілерінің жұмысын жалғастыру көзделген.