Алматыда лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқан полиция қызметкері Т. Бегасыловты жерлеу рәсімі 21 шілдеде болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда лаңкестікке қарсы операция барысында алған ауыр жарақаты салдарынан көз жұмған полиция қызметкері Тимур Бегасыловты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілдеде болады.

 Алматыда лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқан полиция қызметкері Т. Бегасыловты жерлеу рәсімі 21 шілдеде болады

 Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.  

«Шамамен жерлеу рәсімі  21 шілдеде Тимур Бегасыловтың туған қаласы Есікте болады», - деді ол.

Естеріңізге сала кетелік, Т. Бегасылов бүгін ауруханада көз жұмды.

«Бүгін, 2016 жылдың 19 шілдесі күні, 13 сағат 45 минутта Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жансақтау бөлімінде 1986 жылы 15 шілдеде туған, Жол-патрульдік полициясының мамандандырылған батальоны қызметінің аға инспекторы Тимур Бегасылов қайтыс болды.   

Ол Абай даңғылы бойында Жол-патрульдік полициясының мамандандырылған батальоны экипажының құрамында қызмет бабында болған. Р. Күлекбаевтың құқыққа қарсы әрекетіне тойтарыс беру барысында оқ тиіп жарақат алды.

Сөйтіп, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына өте ауыр халде жеткізілді. Дәрігерлер жас тәртіп сақшысының өмірін аман алып қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасады.

Айта кетелік, полиция лейтенанты Тимур Тілеуұлы Бегасылов ішкі істер саласында 2015 жылдың қаңтар айынан бері жұмыс істеп келген», - делінген Алматы қалалық ІІД хабарламасында.