15:51, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда Мандоки Қоңыр Иштван туралы қазақ, орыс, құмық тілдерінде жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда түркітанушылардың І Халықаралық Қоңыр оқулары аясында Мандоки Қоңыр Иштван туралы қазақ, орыс, құмық тілдеріндегі жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Олар - Ернар Мәсілімнің қазақ, орыс тілдеріндегі «Тіспен туған Қоңыр бақсы... - Жалғыз ағаш», Бадрудтин Магомедовтің құмық, орыс тілдеріндегі «Узъюлген узъенги» және Орталық ғылыми кітапхананың «Ұлы даланың біртуар ұланы» деген еңбектер. «Бұл ғылыми емес, танымдық кітап. Қоңыр маған орта ғасырлардан келген ата-бабаларымыздың бейнесі іспетті. Менің Қоңыр туралы ең алғашқы тырнақалды мақалам «Қоңыр қазаққа қажет» деп аталды. Жалпы қазақтың тарихи санасы қалыптасып жатқан уақытта жас өскін жастарға Қоңыр өте қажет тұлға. Бұл кітаптың бас кейіпкері Қоңыр болса да мен Еуропа қыпшақтарының тарихын, мадиярлардың тарихын қамтуға тырыстым», дейді Алматы қаласындағы Қоңыр атындағы №154 мектептің директоры Ернар Мәсілім. Дағыстанның халық жазушысы, ақын Бадрудтин Магомедовтың кітабы Мақашқалада «Дағыстан мемлекеттік кітап баспасынан» 500 данамен жарық көріп отыр. Халықаралық түркітану орталығының төрағасы Ерден Қажыбектің айтуынша, бұл еңбек алдағы уақытта қазақ тіліне аударылмақшы. «Оған - очерктер, ел жазбалары мен поэма еніп отыр. Қоңыр Дағыстанға келген кезде бір сөзін жерге түсірмей жидым. Оның сөзі ғана емес, өзі де арамызда бар деп түрлі-түрлі жанрдағы осы кітапты жаздым», дейді Б. Магомедов. Ал Орталық ғылыми кітапханадан «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясы бойынша жарық көрген үшінші еңбектің құрастырушысы Лаура Әбенова. Бас редакторлары ҚР ҰҒА академигі, Болат Көмеков пен тарих ғылымының кандидаты Бабақұмар Хинаят. «1992 жылы 49 жасында Дағыстанда дүниеден өткен мажарстандық түркітанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері Мандоки Қоңыр Иштванның сүйегі өз өтініші бойынша Алматыдағы Кеңсайға жерленген болатын. Қоңыр туралы осы уақытқа дейін Мажарстанда екі, ал Түркия, Қырғызстан, Дағыстан елдерінде бір-бір кітаптан шықты. Енді кезек бізге де келіп отыр. Қоңырды есте қалдыру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Әйтсе де ол кісінің ғылыми еңбектерін насихаттау, зерттеу, аудару сәл де болса кешікті», дейді Бабақұмар Хинаят.