Алматыда мас жүргізуші ер адамды басып кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Mitsubishi Challenger көлігінің жүргізушісі ер адамды қағып кетті. Салдарынан 1988 жылы туылған жігіт алған жарақатынан сол жерде жан тапсырды. Бұл туралы ақпаратты қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек хабарлады.

«Оқиға Мұстафин көшесінде орын алған. Mitsubishi Challenger жүргізушісі оңтүстік бағытта келе жатып, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, көше бойында тұрған ер адамды қағып кетті. Оқиға орнынан ертерек ізін суытқысы келген ол қарама-қарсы бетте келе жатқан Toyota Camry көлігімен бетпе-бет соқтығысады. Challenger жүргізушісі оқиға орнынан тайып тұрған», - деді С.Әзірбек.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Toyota Camry жүргізушісі көптеген дене жарақатымен қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына жатқызылды.

«Қолға түсіру» операциясын жариялаған Алматы полициясы Challenger жүргізушісін ұстады. Ол 1977 жылы туылған Бостандық ауданының азаматы болып шықты. «Анықталғандай, жүргізуші мас болып шықты. Қазір ол қамауға алынды. Өз кінәсін мойындап отыр», - деді С.Әзірбек.

Қалалық ІІД өкілі мереке күндері 24 мас жүргізуші ұсталғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар