12:22, 03 Тамыз 2023 | GMT +5
Алматыда Медеу ауданына су берілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Медеу ауданын сумен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша «Алматы Су» деректері негізінде 3 тамыз күнгі сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Медеу ауданының оңтүстік бөлігі сумен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Бұған таулы өзендердегі су деңгейінің тұрақтануы және судың ластану деңгейінің төмендеуі ықпал етті.
«Алматы Су» МКК сағат сайын судың сапасына бақылау жүргізеді. Зертханалық талдаулар Кіші Алматы өзеніндегі судың лайлану көрсеткіштерінің төмендегенін көрсетеді, бұл суды үздіксіз алуды жүзеге асыруға және оны үйлерге жеткізер алдында одан әрі тазартуға мүмкіндік берді. Бастапқы өзен суының сапасына әсер ететін қолайлы ауа райы сақталған жағдайда сумен жабдықтау үзіліссіз жүзеге асырылатын болады», - деп хабарлады әкімдікте.Әкімдіктің мәліметінше, су беруді мәжбүрлеп шектеудің бір себебі – Медеу ауданының жоғарғы бөлігі жер үсті су көздері аймағында орналасуы.
«Сондықтан Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының жоғарғы бөлігін жер асты сумен жабдықтау көздеріне қосу бойынша ауқымды жоба әзірлеуді тапсырды. Негізгі мақсат-тау бөктерінің тұрғындарын таулы өзендерге тікелей тәуелділіктен арылту. Осылайша, жоба аясында Медеу ауданының инженерлік желілері мен объектілері қолда бар жерасты су қоймаларының қуатына қосымша қосылатын болады. Бұдан басқа, Алматыда әрқайсысы 3 мың текше метрге дейінгі «Балқаш» станциясында 4 скважина мен резервуардың құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба 20 мыңға жуық адам тұратын Каменское плато, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Еске салсақ, Алматыда жауын-шашынның салдарынан Медеу ауданы тұрғындары сусыз қалған болатын.