Алматыда мефедрон сатып келген 20 жастағы бармен жігіт ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы полициясы есірткі саудасын ұйымдастырған екі адамды ұстады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Алматының түнгі клубтарының бірінде 20 жастағы барменді ұстады. Күдікті клиентке синтетикалық есірткі сатуға тырысқан. Сараптама қорытындысына сәйкес бұл зат мефедрон болып шықты», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.
Сонымен бірге, осы клубқа тұрақты келушілердің біріне қатысты жедел және арнайы іс-шаралар өткізілген.
Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде қарапайым пәтердің нашақорлар ордасына айналғаны анықталды. Онда 6 адам ұсталып, жеке мәліметтері тексеріліп жатыр.
«Жедел қызметкерлердің айтуынша, бұл пәтердің иесі порностудия да ашып үлгерген. Ол Алматының элиталық шағынауданында орналасқан. Онда 18 және 22 жастағы екі қыз жұмыс істеген. Жедел деректерге сүйенсек, олар есірткіге тәуелді. Порнографиялық мазмұндағы видео таратылатын webcam студияны аталған ер адам бірнеше ай бұрын жасаған», - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Айта кетейік, 1-30 қазан күндері Ішкі істер миистрлігі құқықбұзушылықтардың алдын алып, азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін «Учаске» жедел алдын алу шарасын өткізді.
Операция кезінде полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелерді аралап, ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексерген және азаматтық қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша сақталуын, уақтылы тіркелуін және қайта тіркелуін нақтылаған.