Заңсыз қару, баспананы жалға беру, көші-қон – Полицейлер 4 млн пәтер мен үйді аралап шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – 1-30 қазан күндері Ішкі істер миистрлігі құқықбұзушылықтардың алдын алып, азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін «Учаске» жедел алдын алу шарасын өткізді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңсыз қару, баспананы жалға беру, көші-қон – Полицейлер 4 млн пәтер мен үйді аралап шықты

Операция кезінде полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелерді аралап, ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексерген және азаматтық қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша сақталуын, уақтылы тіркелуін және қайта тіркелуін нақтылаған.

«Учаске» жедел алдын алу шарасын өткізуге 15 мыңнан астам қызметкер және мыңнан астам еріктілер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері шамамен 4 млн пәтер мен жеке үйлерді аралап, 272 мыңнан астам саяжай мен елдімекендерден тыс орналасқан 49 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен қыстақтарды тексерді. 99 мыңнан астам жалға берілетін пәтер тексерілді, онда мемлекеттік кірістер органдарында тіркеусіз 728 баспананы жалға беру фактісі анықталды», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.

Сонымен бірге, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 1,5 мыңға жуық адам арнайы қабылдағыштарға орналастырылды.

«Полицияға 7 мыңнан астам кәмелетке толмаған жастар жеткізілді, олардың 1,4 мыңнан астамы заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында жүрген. Тұрғылықты жері бойынша 190 мыңнан астам азаматтық қару иесі тексерілді, оларда атыс қаруын сақтау және алып жүру ережелерін бұзған 1,8 мың жағдай анықталды. Тіркелмеген 212 атыс қаруы алынды. Полиция қызметкерлері 184 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың, оның ішінде 39,2 мыңға жуығы көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.