Алматыда мектеп асханаларын жалдаушы кәсіпкерлер жаз айларында жалдық төлемнен босатылды - С. Лесбаева

Оның айтуынша бұл кәсіпкерлер үшін елеулі жетістік. «2015 жылды қорытындылайтын болсақ, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы коммуналдық меншік нысандарын жалға алушы кәсіпкерлердің мәселесін жартылай шешіп берді. Бұл жыл бойы көтерілген өзекті мәселелердің бірі еді. Жалға алушылардың ішінде, әсіресе, мектеп асханаларын жалға алушылар ерекше жеңілдікке қол жеткізді. Енді олар жаз айдарында жалдық төлемді төлемейді және асхананың тамақтанатын залының ауданы жалдық төлемнен алынып тасталды», - деді С. Лесбаева.
Сонымен қатар, ол қазір басқа да мемлекеттік мүліктерді жалға алушы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Қазіргі таңда коммуналдық меншік нысандарының аумақтық орналасу коэфициенті үштен екіге төмендетілді. Бұл да болса оларды жалға алушылар үшін едеуір жеңілдік. Өйткені, ол жалдық төлемнің көлеміне әсер етеді ғой. Дегенмен, жалдық төлемді әлі де болса азайту қажет. Өйткені 2015 жылдың наурызынан бастап, ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығы бойынша медициналық және басқа да мемлекеттік мекемелердің (қалалық ауруханалар, емханалар, ІІМ мекемелері, әскери бөлімдер, орта және жоғары білім мекемелері) асханалары мен дәмханаларының жалдық төлемі бірнеше есеге қымбаттады. Өткен желтоқсан айының ішінде бұл мәселе Бас прокуратураның қарауына берілген болатын. Енді ол 2016 жылдың алғашқы жартысында оң шешімін табады деген үміттеміз», - деді С. Лесбаева.