Алматыда «Мектепке қауіпсіз бару! Үйге қауіпсіз келу!» акциясы өтті (ФОТО)

«Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері жолдарда көлік жүктемесі едәуір артып кетті. Алматыда көлік өте көп. Сондықтан да күн сайын ондаған жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Өкінішке қарай, мектеп оқушылары осындай оқиғалардың жиі құрбаны болып жатады. Мұның басты себептері - мектеп оқушыларының жол қозғалысы ережесін білмеуі және жүргізушілердің сол ережелерді елең қылмауы мен зейінсіздігі. Осыған байланысты, Қазақстанның Қызыл Жарты ай Қоғамы бүгінгі шараны ұйымдастырды. Оған қаланың бірқатар мектептерінің оқушылары мен біздің қоғамның еріктілері қатысты. Бүгінгі шараның басты мақсаты - оқушыларды жол қозғалысы ережесін сақтауға баулу және жолда жүру мәдениетін бойларына сіңіру», - деді ҚР Қызыл Жарты ай қоғамының қызметкері Роман Чурилов.
Акция барысында волонтерлер мектеп оқушыларымен бірге жол қозғалысы ережелерін есте сақтауға бағытталған тәжірибелік жаттығулар жасады. Бүгінгі шараға қатысқан мектеп мұғалімдерінің айтуынша, бұл жаттығулардың пайдасы өте зор.
Сонымен қатар, бүгін «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы белгілі шоумен Мұрат Мұтырғановпен бірге Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшесі бойында арнайы рейд жүргізді.
Бұл учаскелерде екі сағат ішінде жүзден аса ереже бұзушылық әрекеттер тіркелді.
«Бүгін біз Қызыл Жарты ай қоғамымен бірлесіп, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мысалы, Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында жерасты өткелі бар.
Алайда, көп адам оны елең қылмайды. Сондықтан, олар көңіл бөліп, тек белгіленген жермен жүрулері үшін, біз жол қиылысына және жүргіншілер жүретін өткелдердің қасына арнайы қуыршақ орналастырдық. Ол «Мадагаскар» мультфильмінің кейіпкері. Біздің мақсатымыз - адамдарды жол қозғалысы ережесін сақтауға шақыру», - деді аталмыш қауымдастықтың президенті Арсен Шақуов.
Ұйымдастырушылар мұндай шараларды жиі өткізіп тұруға уәде берді.