Алматыда Мемлекеттік рәміздер күні қалай аталып өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі Мемлекеттік рәміздер күні қалада өтетін іс-шаралар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай қалада түрлі іс-шаралар, оның ішінде мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру, жаппай Әнұранды орындау, веложарыс, тақырыптық көрмелер, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралардың өтуі жоспарланған.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 4 маусым күні сағат 11:00-де «Медеу» биік таулы спорт кешенінің алаңында қала басшылығы, жастардың қатысуымен Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру және Әнұранды жаппай орындау жоспарлануда.

Сондай-ақ сағат 11:00-де қаланың барлық аудандарында бір мезетте Әнұран орындалады.

Сағат 12:00-де Шевченко көшесі бойымен М.Ганди атындағы саябақтан Қонаев көшесіне дейін веложарыс өтеді. Оған әркім қатыса алады. Жарысты бастамастан бұрын барлық қатысушыларға жалаушалар таратылады, мәреге жеткен кезде ҚР әнұранын жаппай орындау ұйымдастырылады.

Сағат 19:30-да Абай алаңында отандық эстрада жұлдыздары, атап айтқанда Жұбаныш Жексенұлы, Дильназ Ахмадиева, Нұржан Керменбаев, Газизхан Шекербеков, Мархаба Сәби, Арай Tribute, «Made in KZ» тобы, Сырымтай Еңсепов және Қазбек Құрайыш қатысатын мерекелік концерт өтеді.

Концерттен соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония хорының жастар құрамы ҚР мемлекеттік әнұранын орындайды.

Еске салсақ, Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында патриоттар форумы өтетіні жайлы және Астанада 600-ден астам шара өтетіні туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram