Алматыда «Менің атым Қожа» фильмінде Қожа рөлін ойнаған Нұрлан Санжардың 60 жасқа толған мерейтойы аталып өтілді

АЛМАТЫ. 30 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Кино үйінде актер, кинодраматург, ғалым, педагог, философия ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Менің атым Қожа» фильмінде Қожа рөлін сомдаған Нұрлан Санжардың 60 жасқа толған мерейтойлық шығармашылық кеші болып өтті.
None
None

Кешке оның жанына жақын өнердегі және өмірдегі достары, туыстары мен қазір өзі жұмыс жасайтын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұжымы қатысты.

Мерейтойлық кеш Нұрлан Санжардың 60 жылдығына орай арнайы түсірілген, оның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильммен басталды.

Кеште мерейтой иесін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев, Киноматографистер Одағының төрағасы Игорь Вовнянко, академик Әбдімәлік Нысанбаев және оның көптеген өнердегі достары құттықтап, өз сый-сыяпаттарын жасады.

«Мен ешқашан актер боламын деп ойламап едім, бірақ тағдыр киноға әкелді. Киноның дәмін сезген адам, одан қайтып ешқайда кете алмайды екен. Мен педагогикаға, журналистикаға, тіпті ғылымға да кетсем де, қайта айналып киноға келдім. Бірақ, шығармашылық ортадан еш ажыраған емеспін. Менің шығармашылық өмірім енді ғана басталды», - деді мерейтой иесі кеш барысында.

Кештің ашылу салтанатында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев Нұрлан Санжардың Қожа рөлін ойнағандағы ерекше талантын атап өтіп: «Бұл шын шебердің қолынан шыққан туынды, Қазақстан кинопрокатындағы теңдесі жоқ үздік фильмге айналды. Ол фильммен аға ұрпақ есейіп, кейінгі толқын да тәлім-тәрбие алуда. Қанша жылдар өтсе де, бұл фильм құндылығын жоғалтпай, бізден кейінгі, одан да кейінгі ұрпақтың жүрегінен орын алатынына сенемін. Ал, бұл фильмде басты рөлді ойнаған актер Нұрланның шеберлігі қазақ кинематографиясы тарихында ерекше орын алып қала берері сөзсіз», - деді.

Ол сонымен қатар,: «Нұрлан бүгінде сценарист, ғалым, педагог ретінде зор еңбек сіңіріп келеді. Ол көптеген ғылыми жұмыстардың авторы, түрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік және ғылыми-теориялық конференциялардың қатысушысы, ҚазҰУ-дің ұстазы. Оның сценарийі бойынша «Соломинка удачи», «Диагноз», «Аллажар», «Періште» деп аталатын көркем картиналар, «Бата», «Астана - ҚР астанасы», «Шабыт», «Қарақия» деп аталатын деректі фильмдер түсіріліп, экранға шықты. Ол сонымен қатар, «Шығармашылық шеберхана, немесе коммуникативтік тәжірибе туралы диалогтар» деп аталатын көлемді монографияның авторы. Жан-жақты тұлғаның, талантты кинодраматургтың алдағы уақытта әлі де берері мол деп ойлаймыз. Сондықтан, біз Сізге зор денсаулық, таусылмас шығармашылық табыстар тілейміз!», - деді.

Нұрлан Санжардың шығармашылығы 12 жасынан басталғанын бүгінде бүкіл дүйім жұрт біледі. Талантты баланы 1963 жылы қазақ кинорежиссері Абдолла Қарсақбаев байқап, «Менің атым Қожа» толықметражды көркем фильмнің басты рөліне шақырған болатын. Фильм 1964 жылы республиканың және КСРО экрандарына шығып, үлкен танымалдылыққа ие болды, онымен бірге фильмнің авторлары және сол фильмде ойнаған актерлер танымал болды. Атап өтерлігі, бұл фильм қазақ кинематография тарихында тұңғыш рет 1965 жылы халықаралық Канн фестивалінде алғашқы халықаралық марапатқа ие болған болатын. Одан кейін бұл кинотуынды Мәскеу, Душанбе, Ташкент және т.б халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарды алды. Бүгінде «Менің атым Қожа» фильмі ұлтымыздың рухани қазынасына, бүкіл елдің көңілінен шыққан, экран көркі болған классикалық туындыға айналды.

Жақында Қазпошта өзінің 100 жылдық мерейтойына арнап, «Менің атым Қожа» фильміндегі кадрлер бейнеленген марка да шығарды.

Мерейтой иесіне келетін болсақ, Нұрлан Санжар бүкіл өмірін қазақ кинематографиясына арнап келеді. 1974 жылы Өскемен пединститутын бітіріп, ВГИК-те сценарлық факультетте (1978-1982 ж.) оқыды. Онда Кеңес дәуірінің корифейі болып табылатын кинодраматург Евгений Гавриловичте білім алды. Ол жерде екінші курста оқып жүргенде оның алғашқы «Соломинка удачи» деп аталатын қысқа метражды сценарийін «Қазақфильм» киностудиясы сатып алған болатын. Сол уақыттан бері Нұрлан Санжар «Қазақфильм» киностудиясымен жұмыс істеп келеді. Оқуын бітірген соң, ол осы киностудияда (1982-1987 ж.) көркем фильмдердің редакторы, одан кейін Қазақстан ұлттық арнасында (1987-1990 ж.) редактор болып қызмет атқарды.

2006 жылдан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінде ұстаздық қызмет етті. Ал, 2010 жылдан бері Н.Санжар ғылыми-педагогикалық қызметін шығармашылықпен бірге алып келеді. Қазір ол Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор қызметін атқаруда.

Соңғы жаңалықтар