Алматыда метро мүгедек жандар үшін ең қолайлы көлік деп танылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сарапшылар әлемдік тәжірибені басшылыққа ала отырып, Қазақстандағы қоғамдық көліктердің мүгедек жандар үшін жайлылығын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Тексеруді мегаполисте «Аружан» қоғамдық қоры Біріккен Ұлттар Ұйымын дамыту бағдарламасы Жаһандық экологиялық қордың «Алматының тұрақты көлігі бағдарламасы аясында жүргізді.

Алматыда барлық бағдар бойынша 1400 автобус қатынайды. Оның 800-ге жуығында мүгедек жандар үшін төмен еден жасалған. Сондай-ақ, «Neoplan Kazakhstan Young Man» маркалы 212 троллейбуста да төмен еден бар. Автобустардың мұндай қажетті талаптарға сай болуы ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859-шы бұйрығында көрсетілген. Алайда, зерттеу авторлары бұл заң талабы жиі орындала бермейтінін айтты.

Зерттеушілер Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы көлік түрі метро екенін айтады. Онда көзі нашар көретіндердің пойыз бағдарларын қадағалап отыруына арналған сайт нұсқасы мен стансаларында пандустар және арнайы сары жолақтар жасалған. Сондай-ақ, Алматы метросының стансаларында мүгедектер үшін арбалар және кезекшіні көмекке шақырту мүмкіндігі қарастырылған.

Сарапшылар Алматы метросының қызмет көрсетіп отырған 9 стансасының ішінде «Мәскеу» мен «Сайран» стансалары мүгедектер үшін өте қолайлы екенін айтты. Алматы метросының басшылығы әр стансада жолаушылар үшін кезекші (штаттық кесте бойынша 45 адам) қызметшілер жұмыс жасайтынын жеткізген. 

«Қазақстанда 2017 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, 651 924 мүгедек адам тіркелген. Олардың қоғамдық көлікті пайдалануына жағдай жасау -маңызды шаралардың бірі. Бәрінен де қала басшылығы мен жолаушылар тасымалымен айналысатын компания басшыларының мұндай мәселенің бар екенін мойындауы маңызды. Оны шешу үшін көлік және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды анықтап, олардың жайлылығын тексеру қажет. Соның қорытындысы бойынша, нақты шаралар жоспарын қабылдау керек», - деді БҰҰДБ ЖЭҚ «Алматының тұрақты көлігі» бағдарламасының менеджері Елена Ерзакович.

Соңғы жаңалықтар