Алматыда мейрамханалар мен дәмханалар табыстарын 15 есеге дейін кемітіп көрсетеді - қалалық мемлекеттік кірістер департаменті (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мейрамханалар мен дәмханалар табыстарын 2 еседен 15 есеге дейін кемітіп көрсетеді. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мен қоғамдық тамақтандыру саласы өкілдерінің кездесуі барысында мәлім болды.
None
None

Аталмыш департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында хронометраждық зерттеулердің нәтижелері жария етіліп, салық салуға байланысты заң бұзушылықтарға жол берілуге болмайтындығы атап өтілген.

«Қоғамдық тамақтандыру саласында кірістерді 2 еседен 15 есеге дейін кемітіп көрсету және жұмыскерлердің санын жасыру (2 еседен 10 есеге дейін) кең тараған. Сонымен қатар, алкогольді өнімдерге қатысты лицензияның және жолдама жүкқұжаттардың жоқтығы, салық есебінің жүргізілмейтіндігі секілді фактілер анықталды», делінген хабарламада.

Мысалы, белгілі мейрамханалардың бірінде хронометраждық зерттеу жүргізу барысында кірістерді кемітіп көрсету дерегі тіркелді. Егер зерттеуге дейін орташа күндік түсім 31,8 мың теңгені құраса, хронометражды зерттеу барысында бір күнде түсетін кірістің көлемі 183,2 мың теңгені құрағандығы белгілі болды. Яғни, бір жыл ішінде есепке алынбаған табыстың көлемі 50 млн. теңгені құрайды деген сөз. Ал жалдамалы жұмыскерлердің саны 2 есе азайтылып көрсетілген.

Тағы бір мекемеде орташа күндік түсім 195 мың теңге болғандығы анықталды. Ал мұнда күн сайын қолма-қол есеп айырысу бойынша 3-5 мың теңгеге ғана чек өткізілген. Яғни, кіріс 15 еседен аса кемітілген. Ал жылдық айналым 70 млн. теңгеге кемітілген. Одан басқа, жалдамалы жұмыскерлердің саны 10 есе азайтылып көрсетілген. Мұнда шын мәнінде 34 адам жұмыс істейтін болса, есептемеге тек 3 адам ғана жазылған.

Тағы бір жоғары санатты мейрамханада табыстардың 5 есе деген азайтылатындығы анықталды. Егер хронометраждық зерттеуге дейін күн сайын түсетін табыстың көлемі 75,5 мың теңгені құраса, тексеру барысында бұл сома күніне тағы 400 мың теңгеге ұлғайған. Яғни, есепке алынбаған кірістің жылдық көлемі 115 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ, жалдамалы жұмыскерлердің саны 2 есеге азайтылып көрсетілген (16 адамнан 8 адамға дейін). Одан басқа, 731 мың теңгеге жүкқұжатсыз сатып алынған алкогольдік өнімдер анықталды.

Сонымен қатар, кездесуге бақылау-кассалық машиналар бойынша техникалық қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері қатысып, деректерді табыстау функциясы бар бақылау-касалық аппараттарды тіркеу және қолдану ережесін түсіндірді.

Айта кетелік, алкогольдік өнімдер, дизельдік отын және бензин сатушылар үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап деректерді табыстау функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті.

Соңғы жаңалықтар