Алматыда «Мұхтар Әуезов әлемі» электронды кітапханасының тұсауы кесілді

Электронды кітапхана ҚР Ұлттық кітапханасының сайтында орналасқан.
Бұл ақпараттық ресурстың негізгі мақсаты - Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасына бірыңғай қолжетімділікті қамтамасыз ету, әлемдік және отандық қоғамдастықты қазақ классигінің шығармаларымен таныстыру және ұлы жазушының өмірі мен қызметі жайлы білімді кеңейту. Жаңа портал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.
Порталға Мұхтар Әуезовтың толық академиялық шығармалар жинағы, яғни ғылыми еңбектері, көркем шығармалары, мақалалары, киносценарилері, хаттары мен зерттеу жұмыстары қойылған. Барлығы 50 томды құрайды. Сонымен қатар электронды ресурсқа жазушының жеке мұрағатындағы материалдар, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының сандық жүйеге енгізілген қолжазбалары және ҚР Ұлттық кітапханасының бай топтамасы енгізілді.
Олардың ішінде жазушының жарық көрмеген қолжазбалары, хаттары, фотосуреттері мен бейне және аудиоматериалдары сайтты пайдаланушылардың ерекше қызығушылығын туғызары анық.
ҚР Ұлттық кітапханасы өкілдерінің айтуынша, «Мұхтар Әуезов әлемі» жобасын қолға алуға түрткі болған украиндық әріптестері екен. Олар Тарас Шевченконың 200 жылдығына орай «Сенің Шевченкоң» атты жоба үшін материалдар жинау мақсатында көмек сұрап Ұлттық кітапханамызға жүгініпті. Сонымен қатар ресейлік «Бүкіл Толстой» жобасын жасау тәжірибесі де пайдаланылды. Ол жобаны жасау қазақстандық жобаны әзірлеу жұмыстарымен қатар жүрген.
«Біз кемеңгер жазушы, ұлы философ Мұхтар Әуезов әлемінің қайта жаңғыруының куәсі болып отырмыз. Ал оның әлемінің ұшы-қиыры жоқ. Міне, қажырлы да күрделі жұмыс жасалды. Бұл жоба Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік әдебит пен мәдениет үшін де қажет. Бұл ерекше жоба. Ол қазақстандықтардың ұрпақтары мен шетте жүрген қандастарымызды біріктіре түседі деп сенемін», - деді белгілі қазақстандық мәдениеттанушы Мұрат Әуезов.
Бұл жобаны жүзеге асырушылар - ҚР Ұлттық кітапханасы, Мұхтар Әуезовтың Ғылыми кабинеті, «Әуезов үй» ғылыми-мәдени орталығы және М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты.