Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спартакиада өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Орталық стадионда мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында «Спорттық Алматы» қалалық жобасы аясында спартакиада өтіп жатыр.
None
None

«Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алматы» спорт клубы ашылған болатын. Қазіргі таңда ол бірқатар жетістікке қол жеткізді. Клуб спортшылары әр түрлі халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондықтан, басқалар сіздерден үлгі алулары тиіс», - деді өзінің құттықтау сөзінде Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт Басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің бастығы Алмас Маханбетияров.

Спартакиада бағдарламасы бойынша жеңіл атлетика, суда жүзу, үстел теннисі, пауэрлифтинг, мини-футбол, грек-рим және еркін күрес, бадминтон, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан жарыстар өткізу көзделген. 

Спартакиадаға медициналық тұрғыдан рұқсат етілген, көру және есту қабілеті, сондай-ақ, тірек-қимыл аппараты нашарлаған ерлер мен әйелдер қатыса алады. Жас мөлшеріне байланысты шектеу қойылмаған. Тек пауэрлифтингке қатысушылардың жас мөлшері - 14 жастан кем болмауы керек.

Жеңімпаздар арнайы дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталады.

Одан басқа, Алматы әкімдігі «Алматы» спорт клубының директоры Найзабек Сағымбаевқа инва-таксидің кілтін табыс етті.

Өз кезегінде Н. Сағымбаев қала басшылығына өзінің ризашылығын білдіріп, бұл автокөліктің арқасында спортшылардың клубқа жаттығуға барып келуі оңайға түсетіндігін айтты.

2 3 

Соңғы жаңалықтар