Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда жақында ашылған алғашқы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылды.
None
None

Мектептің салтанатты ашылуына «Өркен» білім грантының иегері атанған мектеп оқушылары, олардың ата-аналары, сондай-ақ өңірдегі ғылыми-педагог қызметкерлер қатысты. Оқу орнының директоры Жәмила Кеншенбаева оқушыларға жаңа оқу жылында сәт сапар тілеп, олардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

«Сіздердің алдарыңызда тұрған міндеттер көп. Өйткені, сіздер қатаң іріктеуден өттіңіздер. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңізді, дағдыларыңызды, тәжірибелеріңізді шынайы өмір жағдаяттарында қолдана білетін, отанына қызмет ететін тұлға болып қалыптасатындарыңызға кәміл сенемін», - деді ол.

Жаңа білім ордасының табалдырығын 700-ден астам дарынды оқушы аттады.

Іріктеу нәтижесі бойынша 2014-15 оқу жылында 672 оқушыға «Өркен» білім гранты бөлінген: олардың ішінде 259 -8-сынып оқушылары, 240 -9-сынып оқушылары, 173 - 11-сынып оқушысы. Жаңа оқу жылында білім ордасы жалпы саны 96 бала болатын 7-сынып оқушыларымен толықты. Іріктеу Cito Педагогикалық өлшемдер институтымен және CTY Джонс Хопкинс университетінің Дарынды жастар орталығымен бірлесе отырып әзірленгенін айта кету керек.

Жаңа білім ошағына тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де қатаң іріктеуден өтті. 2013 жылғы маусымдағы, 2014 жылғы қаңтар мен маусымдағы өткізілген үш конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша 518 үміткер қатысып, олардың 157-сі ұсынылған. Жұмысқа ұсынылған мұғалімдер арасында бірінші, екінші және үшінші деңгей бойынша Педагогикалық шеберлік орталығының біліктілікті арттыру курстарында оқыған, Назарбаев Университетінің базасында мақсатты даярлықтан өткен 26 жоғары санаттағы мұғалім және басқалары бар. Конкурста бір бос жұмыс орнына 5 адамнан келді. Мұғалімдер Алматы қаласынан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Семей қаласынан болды.

Шетелден шақыртылған 22 маман да күрделі іріктеуден өткізілді. Австралияда, АҚШ-та, Қытайда, Панамада, Францияда, БАӘ-де, Катарда жұмыс тәжірибесі бар шетелдік мұғалімдер тек ағылшын тілінде пәндерді оқытумен ғана айналысып қоймай, сонымен қатар балаларды SET, SAT және IELTS халықаралық емтихандарына дайындайды, мектеп ішінде біліктілік курстарын ұйымдастырады, оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.

Назарбаев зияткерлік мектептері үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізетін экспериментальді алаң болып табылады. Әрбір мектептің қуаты мен инфрақұрылымы өз жобасына және сынып-жиынтықтың ықтимал санына сәйкес анықталады. Ашылып жатқан Зияткерлік мектеп 864 орынға есептелген. Мектеп ғимараты 75 оқу сыныбы, олардың ішінде 24 оқушыдан отыратын 21 кабинет, 20 оқушыдан отыратын - 54 кабинеттен тұратын 7 блоктан құрылған. Олардың ішінде математика, интеграция, техникалық модельдеу кабинеттері, нано, биотехнологиялар, робототехника, физика, химия, биология зертханалары, сондай-ақ жеке сабақ беру және психология кабинеттері бар.

Ақпарат блогы медиатекасы мен 260 орындық оқырмандар залы бар кітапханадан, 50 мың кітабы бар кітап қоймасынан тұрады. Радиотехника, декорация және тіпті артистік грим бөлмесі бар мектептің акт залы 480 адамға шақталған.

Мектепте 100 орындық дәріс залы мен 50 орынға арналған конференц-залы көзделген.

Зияткерлік мектебі толық күн оқитындықтан, мұнда өз тамақ блогы бар 300 орындық асхана жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар